Date of publication: 04.05.2015 10:45
Date of changing: 21.05.2018 12:27

Жеке табыс салығы

Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 316-бабының 1 тармағына сәйкес, жеке тұлғаның төлем көзінен және дербес салық салу кезіндегі салық салынатын кірісі түріндегі салық салу объектiлерi бар жеке тұлғалар жеке табыс салығын төлеушiлер болып табылады.

Осы баптың 2 тармағына сай, ойын бизнесі салығын, тіркелген салықты төлеушілер осы Кодекстің 535 және 544-баптарында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеушілер болып табылмайды.

      Сонымен қатар, аталған баптың 3 тармағына сәйкес, бірыңғай жер салығын төлеу негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметті жүзеге асырудан түсетін кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеушілер болып табылмайды.

318 баптың нормасымен салық салу объектілері болып жеке тұлғаның төлем көзінен салық салынатын және жеке тұлғаның дербес салық салу кезіндегі салық салынатын кірістері танылады.

320-бапқа сәйкес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған дивидендтер түрiндегi кірістерді қоспағанда салық төлеушiнiң кірістеріне 10 пайыз мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы салынады. Ал, жоғарда аталғандай дивидендтер түрiндегi кірістерге 5 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынады.

Осы кодекстің 342 бабына сәйкес жеке тұлғаның мынадай салықтық шегерім түрлерін қолдануға құқығы бар:

1) міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салықтық шегерім – Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде;

2) зейнетақы төлемдері және жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша салықтық шегерім;

3) стандартты салықтық шегерімдер (бұдан әрі – стандартты шегерімдер);

4) өзге салықтық шегерімдер (бұдан әрі – өзге шегерімдер), олар:

ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімді;

медицинаға арналған салықтық шегерімді;

сыйақылар бойынша салықтық шегерімді қамтиды.

Салықтық шегерімдерді:

       1) осы Кодекстің 343-бабында көзделген тәртіппен және жағдайларда төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша – cалық агентінің;

      2) осы баптың 3-тармағына сәйкес жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістер бойынша – жеке тұлғаның дербес қолдануына жатады.

Салықтық шегерімдер, егер көрсетілген шегерімдер жұмыскердің кірісін айқындау кезінде жүргізілмеген болса, жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістердің жиынтық сомасы бойынша жеке табыс салығын есептеу кезінде қолданылады.

Салықтық шегерімдер қолдану құқығын растайтын құжаттар негізінде салықтық шегерімдер қолданылады және де мұндай құжаттардың түпнұсқалары талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде жеке тұлғада сақталады.

Жеке тұлға салықтық шегерімнің белгілі бір түрін бір салық агентінде ғана қолдануға құқылы. Салық агенті жеке тұлғаның кірісіне салықтық шегерімдерді жеке тұлғаның осындай кірістен жеке табыс салығын ұстап қалу күнінен кеш өтініш жасауы себебінен қолданбаған жағдайда жеке тұлға осындай кірістен жеке табыс салығын ұстап қалуды жүргізген салық агентіне кіріс төлеу жүргізілген күнтізбелік жыл және оның алдындағы күнтізбелік жыл ішінде өтініш пен растайтын құжаттарды ұсынуға құқылы, солардың негізінде салық агенті салық салуға жататын кірістерді қайта есептеуді жүргізеді.

Зейнетақы төлемдері және жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша салықтық шегерім.

Салық салуға жататын, зейнетақы төлемдері түріндегі кіріске салықтық шегерім мынадай мөлшерлерде қолданылады:

       1) осы Кодекстің 326-бабының 1) тармақшасында көзделген төлемдер бойынша – зейнетақы төлемі жүзеге асырылатын әрбір ай үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және зейнетақы төлемі түріндегі кірісті есепке жазу күніне қолданыста болатын бір ең төмен жалақы мөлшерінде;

       2) осы Кодекстің 326-бабының 2) тармақшасында көзделген төлемдер бойынша – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және зейнетақы төлемі түріндегі кірісті есепке жазу күніне қолданыста болатын ең төмен жалақы мөлшерінің 12 еселенген мөлшерiнде.

      2. Сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын, сақтандыру сыйлықақылары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары есебінен төленген сақтандыру төлемдері түріндегі, салық салуға жататын, жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша кіріске сақтандыру төлемі жүзеге асырылатын, сақтандыру төлемі түріндегі кіріс есепке жазылатын әрбір ай үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және сақтандыру төлемі түріндегі кірісті есепке жазу күніне қолданыста болатын бір ең төмен жалақы мөлшерінің сомасында салықтық шегерім қолданылады.

Стандартты шегерімдер

         Мыналар стандартты шегерімдер болып табылады:

1) бір ең төмен жалақы мөлшері. Стандартты шегерім әрбір күнтізбелік айға қолданылады. Күнтізбелік жыл үшін стандартты шегерімнің жалпы сомасы ең төмен жалақының 12 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс;

2) осы тармақшаны қолдану күніне мұндай адамның:

         Ұлы Отан соғысына қатысушы және оған теңестірілген адам;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адам;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адам;

      I, II немесе III топтардағы мүгедек;

      мүгедек бала болып табылатыны негізінде күнтізбелік жыл үшін ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшері.

      Жеке тұлғаның осы тармақшаны қолдануға бірнеше негіздері болған жағдайда, кірістерді алып тастау осы тармақшада белгіленген кіріс шегінен аспауға тиіс;

      3) осы тармақшаны қолдану күніне мұндай адамның:

       он сегіз жасқа толғанға дейін әрбір осындай мүгедек бала үшін – мүгедек баланың ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі;

      өмір бойына әрбір осындай адам үшін – "бала кезінен мүгедек" деген себеппен мүгедек деп танылған адамның ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі;

      асырап алынған бала он сегіз жасқа толғанға дейін әрбір осындай адам үшін – бала асырап алушылардың бірі;

      жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарттың қолданылу мерзімі кезеңінде әрбір осындай адам үшін – жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына қабылдап алған ата-аналардың бірі болып табылатыны негізінде күнтізбелік жыл үшін ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшері.

      Осы тармақшаның ережелері:

       қорғаншылыққа және қамқоршылыққа мұқтаж адамдардың қорғаншылары және қамқоршылары болып табылатын тиісті білім беру ұйымдары, медициналық ұйымдар, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары әкімшіліктерінің жұмыскерлеріне қатысты олардың осындай ұйымдарымен еңбек қатынастарында болуына байланысты;

      Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасына сәйкес асырап алынатын баланың (балалардың) анасымен немесе әкесімен некеге тұратын (ерлі-зайыптылықта болатын) адамдарға қатысты қолданылмайды.

     Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген стандартты шегерімдер осы салықтық шегерімдерді қолдану үшін негіз туындаған, бар немесе болған күнтізбелік жылда қолданылады.

Ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерім

Ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімді Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғасы Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес өз пайдасына жұмсалған, ерікті зейнетақы жарналарын төлеуге арналған шығыстар бойынша қолданады.

Ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімді қолдану үшін мыналар растайтын құжаттар болып табылады:

       ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт;

      ерікті зейнетақы жарналарының төленгенін растайтын құжат.

Ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерім ерікті зейнетақы жарналарын төлеу күніне тура келетін салықтық кезеңде қолданылады.

 Медицинаға арналған салықтық шегерім

1. Медицинаға арналған салықтық шегерім медициналық көрсетілетін қызметтерге (косметологиялықтан басқа) ақы төлеуге арналған шығыстар бойынша қолданылады.

2. Медицинаға арналған салықтық шегерімді Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғасы өз пайдасына жұмсалған медицинаға арналған шығыстар бойынша қолданады.

3. Медицинаға арналған салықтық шегерім күнтізбелік жылға айқындалған ең төмен жалақының 8 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде қолданылады.

       Бұл ретте медицинаға арналған салықтық шегерімнің және осы Кодекстің 341-бабы 1-тармағының 18) тармақшасына сәйкес жеке тұлғаның медициналық көрсетілетін қызметтерге (косметологиялықтан басқа) шығыстарын жабу үшін кірісті түзетудің жалпы сомасы күнтiзбелiк бiр жылдағы жиынтығында республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен жалақының 8 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.

      4. Медицинаға арналған салықтық шегерімді қолдану үшін мыналар растайтын құжаттар болып табылады:

      1) жазбаша нысанда жасалған жағдайда – медициналық көрсетілетін қызметтердің құны бөліп көрсетілген ақылы медициналық қызметтерді көрсетуге арналған шарт;

      2) медициналық көрсетілетін қызметтердің құны туралы ақпаратты қамтитын үзінді көшірме;

      3) медициналық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу фактісін растайтын құжат.

      5. Медициналық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге арналған шығыстар бойынша салықтық шегерімдер неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетiн салықтық кезеңде қолданылады:

      медициналық көрсетілетін қызметтерді алу күні;

       медициналық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу күні.

Сыйақылар бойынша салықтық шегерім

       1. Сыйақылар бойынша салықтық шегерімді Қазақстан Респуликасының резидент-жеке тұлғасы өз пайдасына жұмсалған, Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінен алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны төлеуге арналған шығыстар бойынша қолданады.

      2. Сыйақылар бойынша салықтық шегерімді қолдану үшін мыналар растайтын құжаттар болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен жасалған ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты;

      2) сыйақы сомалары бөліп көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі;

      3) осындай қарыз бойынша сыйақының өтелгенін растайтын құжат.

      3. Салықтық шегерімдер неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетін салықтық кезеңде қолданылады:

      ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі бойынша сыйақыны өтеу күні;

      сыйақыны төлеу күні.

Жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу

Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеуді салық агентi салық салуға жататын кірісті есепке жазу кезінде жүргізедi.

Салық агентi төленген кірістер бойынша жеке табыс салығын аударуды кіріс төлеу жүзеге асырылған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей өзiнің тұрған жерi бойынша жүзеге асырады.

Салық агентiнiң құрылымдық бөлiмшелерi жұмыскерлерiнiң кірістері бойынша жеке табыс салығын аудару құрылымдық бөлiмшелердің орналасқан жері бойынша тиiстi бюджеттерге жүргiзiледi.

Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес салық агенті төлем көзінен салық салуға жататын кірістерден есептелген жеке табыс салығы сомасын оны ұстап қалмай өз қаражаты есебінен төлеген кезде салық агентінің төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеті орындалды деп есептеледі.

Мемлекеттік мекемелердің жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу ерекшеліктері

Мемлекеттік органның шешімі бойынша құрылымдық бөлімшелері және (немесе) аумақтық органдары оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер жұмыскерлерінің кірістері бойынша салық агенттері ретінде қарастырылуы мүмкін.

Жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша құрылымдық бөлімшелері және (немесе) аумақтық (төмен тұрған) органдары оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер жұмыскерлерінің кірістері бойынша салық агенттері ретінде қарастырылуы мүмкін.

      Бұл ретте осы бапта белгіленген тәртіппен салық агенттері деп танылған мемлекеттік мекемелер осы Кодекстің 12-бөлімінің мақсаттары үшін әлеуметтік салықты төлеушілер деп танылады.

      Жеке табыс салығын төлеу салық агентінің тұрған жері бойынша тиісті бюджеттерге жүргізіледі.

 Жеке табыс салығын есептеуді, ұстап қалуды және төлеуді салық агенті осы Кодекстің 350 және 351-баптарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізеді.

 Салық агенті жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны осы Кодекстің 355-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде тапсырады.

 Төлем көзінен салық салынатын кірісті айқындау

Жұмыскердің салық салынатын кірісінің сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:

      жұмыскердің төлем көзінен салық салуға жататын, ағымдағы салықтық кезеңде алған кірістерінің сомасы,

      алу

       осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген, ағымдағы салықтық кезеңде кірісті түзету сомасы,

      алу

       осы Кодекстің 342-бабында көрсетілген тәртіппен салықтық шегерімдер сомасы.

Салықтық және есепті кезеңдер

Салық агенттері төлем көзінен салық салуға жататын кірістерден жеке табыс салығын есептеу үшін күнтiзбелiк ай салықтық кезең болып табылады.

Жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны жасау үшін күнтiзбелiк тоқсан есепті кезең болып табылады.

Жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларация

Жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны салық агенті тұрған жердегі салық органдарына есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей тапсырады.

 Бірыңғай жер салығын төлеу негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық агенттері төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының есептелген сомаларын бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларацияда көрсетеді.

Құрылымдық бөлімшелері бар салық агенттері құрылымдық бөлімше орналасқан жердегі салық органына жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияға құрылымдық бөлімше бойынша жеке табыс салығы және әлеуметтік салық сомасын есептеу жөніндегі қосымшаны ұсынады.

 

 

Талдау және тәуекелдер басқармасы

тел: 23-80-36