Date of publication: 11.01.2018 18:18
Date of changing: 11.01.2018 18:20

Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде, 2018 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген Салық және Кеден кодексінің ерекшеліктерін, толықтырулар мен өзгерістерін түсіндіруге арналған  семинар өткізді. Семинар Қызылорда қаласының 300 салық төлеушісін қамтыды, қатысушылар аудиториясын ірі компаниялар мен мемлекеттік мекемелер, шағын және орта бизнес субъектілерінің өкілдері, дара кәсіпкерлер құрады.

        Семинар жұмысына Департамент басшысының орынбасары Мұса Оспанұлы Қалдарбеков  модераторлық етті және облыстың кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

       

        Қазақстанның жаңа даму сатысы және әлемдік экономикалық даму қарқынына ілесуі, салық-бюджет саясатына көп байланысты.  Елбасының салық саясатын оңтайландыру мен жетілдіру  бағытындағы Жолдауда белгілеген тапсырмаларының және «100 нақты қадам» ұлт жоспарының орындалуы шеңберінде қолданыстағы  заңнамалық құжаттар көптеген өзгерістерге ұшырады.

        Жаңа Кодекс салық салу идеологиясын өзгертіп, салық төлеушілерді қорғауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға, әкімшілік қызметті жеңілдетуге бағытталған. Яғни, халық салықты өз бетінше төлеуге ынталанатын болады деген мақсат.

        88 тараудан, 773 баптан (бұрынғы кодексте 687 бап) тұратын жаңа Салық кодексінің өзгерістері мен жаңа талаптарын алты спикер жан-жақты түсіндірді. Қатысушылар тарапынан берілген сұрақтарға жауап берілді.

     

Сонымен қатар, биылдан бастап жаңа «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кеден кодексі қолданысқа енді. Бұл құжат кедендік операцияларды жеңілдетуге және жеделдетуге, отандық бизнестің уақытын және қаржылық шығындарын төмендетуге бағытталған. Жаңа Кодекстің негізгі идеясы мен жаңалықтары да таныстырылды.  Жиын соңында облыстық Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Гүлдана Таңатова ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс білдірді.

         

 

Жаңа Салық және Кеден заңнамасын түсіндіру кездесулері барлық аудандарда да өткізілуде.

        Б.Орданова,

Қызылорда облысы бойынша

мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы