Date of publication: 25.10.2018 18:29
Date of changing: 14.11.2018 15:36

83-бап. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде қою

      1. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстің 82-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне міндетті түрде қоюға жатпайтын тұлғалар мынадай тәсілдердің бірімен:

      1) өзі келу тәртібімен, қағаз жеткізгіште;

      2) электрондық нысанда;

      3) Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінде резидент-заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу кезінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне алу туралы салықтық өтінішті беру жолымен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне тұруға құқылы.

      Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде тұруға:

      дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар болып табылмайтын жеке тұлғалардың;

      мемлекеттік мекемелердің;

      Қазақстан Республикасында қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асырмайтын бейрезиденттердің;

      резидент-заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің;

      ойын бизнесі салығы салынуға жататын қызметі бойынша осы Кодекстің 534-бабында аталған тұлғалардың құқығы жоқ.

      2. Салық органы қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтiнiш берілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлікті жасай отырып, салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қоюды жүргізеді.

      Осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалар:

      1) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында аталған тұлғалар үшін – қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтініш берген күннен бастап;

      2) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында аталған тұлғалар үшін – Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап қосылған құн салығын төлеушілерге айналады.