Date of publication: 18.03.2015 19:15
Date of changing: 14.11.2018 17:38

167-бап. Бақылау-касса машиналарын салық органында есепке қою

      1. Осы тармақта белгіленген жағдайды қоспағанда, модельдерi мемлекеттік тiзiлiмге енгiзiлген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар, техникалық ақауы жоқ бақылау-касса машиналары пайдаланатын жері бойынша салық органдарында есепке қоюға жатады.

      Ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машиналары салық органдарында есепке қоюға жатады.

      2. Аппараттық-бағдарламалық кешендерді қоспағанда, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасын салық органдарында есепке қою үшін салық төлеуші салық органына:

      1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;

      2) салық төлеуші туралы мәліметтері бар бақылау-касса машинасын;

      3) нөмірленген, тігілген, салық төлеушінің қолымен және (немесе) мөрімен (болған кезде) куәландырылған тауар чектерінің кітабын ұсынады.

      3. Аппараттық-бағдарламалық кешен болып табылатын, деректерді беру функциясы бар бақылау-касса машинасын есепке қою үшін салық төлеуші салық органына:

      1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;

      2) аппараттық-бағдарламалық кешеннің функционалдық мүмкіндіктері мен сипаттарының қысқаша сипаттамасын;

      3) есепке қою үшін өтініш жасалған аппараттық-бағдарламалық кешен моделінің "Салық инспекторының жұмыс орны" модулін пайдалану жөніндегі нұсқаулығын ұсынады және оған қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

      4. Аппараттық-бағдарламалық кешендерді қоспағанда, ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде пайдаланылатын деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машинасын есепке қою үшін салық төлеуші салық органына:

      1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;

      2) фискалдық режимді орнатпай-ақ мәліметтерді енгізу мүмкін болатын, салық төлеуші туралы мәліметтері бар бақылау-касса машинасын;

      3) нөмірленген, тігілген, салық төлеушінің қолымен және (немесе) мөрімен (болған кезде) куәландырылған қолма-қол ақшаны есепке алу кітабын және тауар чектерінің кітабын ұсынады.

      5. Аппараттық-бағдарламалық кешен болып табылатын, ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде пайдаланылатын деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машинасын есепке қою үшін салық төлеуші салық органына мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтініш;

      2) аппараттық-бағдарламалық кешеннің функционалдық мүмкіндіктері мен сипаттарының қысқаша сипаттамасы;

      3) есепке қою үшін өтініш жасалған аппараттық-бағдарламалық кешен моделінің "Салық инспекторының жұмыс орны" модулін пайдалану жөніндегі нұсқаулық.

      6. Бақылау-касса машинасын есепке қоюды салық органдары бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады.

      7. Бақылау-касса машиналарын есепке қою бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтініш алынған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде бақылау-касса машинасының тіркеу нөмірі беріле отырып және бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы қалыптастырыла отырып жүргізіледі.

      8. Бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасының, тауар чегінің, қолма-қол ақшаны есепке алу кітабы мен тауар чектерi кiтабының нысандарын уәкілетті орган белгілейді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      168-баптың осы редакциясы 01.01.2024 дейін қолданыста болады - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен (тоқтатылған редакциясын ҚР 25.12.2017 Салық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасынан қараңыз).

168-бап. Бақылау-касса машинасының тiркеу деректерiне өзгерістер енгізу

      1. Бақылау-касса машинасының тiркеу карточкасында көрсетiлген мәлiметтерді өзгерту салық төлеушiнің келу тәртібімен қағаз жеткізгіште салық органына:

      1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтiнiштi;

      2) бақылау-касса машинасының тiркеу карточкасын ұсынуы арқылы жүзеге асырылады.

      2. Бақылау-касса машинасының тiркеу карточкасында көрсетiлген мәлiметтерді өзгертуді салық төлеушi өзгерістер туындаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      3. Тіркеу карточкасын ауыстыруды бақылау-касса машинасы есепке қойылған жердегі салық органы:

      1) тіркеу карточкасы жоғалған (бүлінген) жағдайда – осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде;

      2) тіркеу карточкасында көрсетілген мәліметтер өзгерген жағдайда – осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізеді.

      4. Бақылау-касса машинасының жаңа тіркеу карточкасы берілген кезде салық органы бұрын берген бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы, салық төлеуші бақылау-касса машинасының көрсетілген тіркеу карточкасын жоғалтқан (бүлдірген) жағдайларды қоспағанда, салық органына қайтаруға жатады.