Жарияланған күні: 15.10.2018 15:58
Өзгертілген күні: 16.10.2018 12:41

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 221 Заңы.

6-бап. Жазбаша өтiнiшке, бейнеөтінішке және бейнеконференцбайланысқа қойылатын талаптар

      1. Өтiнiш құзыретiне өтiнiште қойылған мәселелердi шешу кiретiн субъектiге немесе лауазымды тұлғаға жiберiлуге тиiс.

      2. Жеке тұлғаның өтiнiшiнде – оның тегi, аты, сондай-ақ қалауы бойынша әкесiнiң аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, пошталық мекенжайы, заңды тұлғаның өтiнiшiнде оның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі көрсетiледi. Өтiнiшке жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі қол қоюға тиiс.

      Шағым жасалған кезде iс-әрекетiне шағым жасалып отырған субъектiнiң атауы немесе лауазымды тұлғалардың лауазымы, тегi және аты-жөнi, өтiнiш жасау себептерi мен талаптары көрсетiледi.

      3. Субъектiге тiкелей жазбаша не бейнеөтініш арқылы өтiнiш жасаған арыз берушiге тiркелген күнi мен уақыты, өтiнiштi қабылдаған адамның тегi мен аты-жөнi көрсетiлген талон берiледi.

      4. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдар басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференцбайланыс немесе бейнеөтініш арқылы жүгіну тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

7-бап. Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қабылдау, тiркеу және есепке алу

      1. Осы Заңда белгiленген тәртiппен берiлген өтiнiштер мiндеттi түрде қабылдануға, тiркелуге, есепке алынуға және қаралуға тиiс.

      Өтiнiштi қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

      2. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келіп түсетін өтiнiштерiн есепке алу құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында өз құзыретi шегiнде статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген өтініштерді қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша келіп түскен өтініштері есепке алуға жатпайды.

      3. Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiмен жұмысты ұйымдастырудың, қабылдаудың, тiркеудiң және есепке алудың жай-күйi үшiн субъектiлердiң басшылары мен лауазымды тұлғалар дербес жауаптылықта болады.

      4. Өтiнiш жеке немесе заңды тұлғаның өкiлi арқылы енгiзiлуi мүмкiн. Өкiлдiктi ресiмдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

      5. Жеке және заңды тұлғалардың жалпыға қолжетiмдi ақпараттық жүйелер арқылы келiп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес түскен өтiнiштерi осы Заңда белгiленген тәртiппен қаралуға тиiс.

      6. Өтiнiште қойылған мәселелердi шешу құзыретiне кiрмейтiн субъектiге немесе лауазымды адамға келiп түскен өтiнiш субъектiге, лауазымды адамға келiп түскен күнінен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде тиiстi субъектiлерге жiберiледi, бұл туралы өтініш берушiге хабарланады.

      Осы тармақтың талабы ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылмайды.

8-бап. Өтiнiштi қарау мерзiмдерi

      1. Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлмейтiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi субъектіге, лауазымды адамға келіп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк он бес күн iшiнде қаралады.

      2. Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлетiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi субъектiге, лауазымды адамға келiп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қаралады және ол бойынша шешiм қабылданады.

      Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргiзу қажет болған жағдайларда, қарау мерзiмi күнтiзбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмге ұзартылады, бұл туралы қарау мерзiмi ұзартылған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде өтініш берушiге хабарланады.

      3. Өтiнiштi қарау мерзiмiн субъектiнiң басшысы немесе оның орынбасары ұзартады.

      4. Егер өтiнiште баяндалған мәселелердi шешу ұзақ мерзiмдi талап етсе, онда өтiнiш түпкiлiктi орындалғанға дейiн қосымша бақылауға қойылады, бұл туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде өтініш берушiге хабарланады.

      5. Қазақстан Республикасының заңдарында өтiнiштердi қараудың өзге де мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн.