Жарияланған күні: 12.04.2018 18:17
Өзгертілген күні: 12.04.2018 18:18

        Осындай тақырыппен Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Мұса Оспанұлы Қалдарбеков бұқаралық ақпарат құралдары  өкілдеріне брифинг берді.

         Қазіргі салық саясаты экономиканың дамуы мен халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруде үйлестіруші, реттеуші роль атқаратыны белгілі. Яғни, мемлекетіміздің қалыпты дамуы мен өркендеуі мемлекет пен салық төлеушінің мүдделерінің тең жағдайда қорғала отырып, қалыптасуына байланысты.

Үстіміздегі жылдың 5 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Президент­тің бес әлеумет­тік бастамасы» Үндеуін жариялады. Бұл бастамалар қазақстандық отбасылардың баспана алуына жаңа мүм­кіндіктер беру, жалақысы төмен жұмыс­шылардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арт­тырып, студент жастардың  жағ­дайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ бірқатар елді мекендерді газ­бен қамтамасыз ету ісін жал­ғастыру жөнін­дегі жаңа міндеттерді белгіледі.

         Екінші бастама – жалақысы төмен азаматтардың салықтық жүктемесін азайтуға бағытталды.

         «Айлық жалақысы 25 еселенген  айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен төмен қызметкер үшін табыс салығының мөлшері 10 есеге азайтылатын болады. Және бұл тәртіп 2019 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енуі керек», - деді Президент.

        Биылғы жылға айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 2405 теңгені құрайтынын ескерсек, бұл талап 60125 теңгеге дейінгі мөлшерде жалақы алатындарға қатысты болмақ.  Мысалы: 50 мың теңге жалақы алатын қызметкердің  жалақысынан ұсталатын табыс салығы, қазіргі кезде, салық салынбайтын табысын және шегерімдерін қоса есептегенде, 1672 теңгені құрап отыр, келесі жылы ол 167 теңгеге тең болады.

         Елбасының бұл бастамасы, ең алдымен, жалақысы төмен  азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған. Ал олардың үлесі барлық жұмыс жасап жүргендердің үштен бір бөлігін құрап отыр.    Сонымен қатар, бұл шара «конверт» арқылы жалақы төлеу әдісін жоюға әсер етеді, яғни жалдамалы жұмысшыларының көлемін жасыру арқылы салықтан жалтарушыларды «көлеңкеден» шығаруға және өз шаруашылығы арқылы табыс табатындардың кәсібін заңдастыруына мүмкіндік береді.  Үшінші жағынан, еңбекақының өсуі тұтынушылық шығындарды арттыруға әсер етеді, бұл өз кезегінде жергілікті экономиканы ынталандырады.

         Осы бастама арқылы Елбасы Үкіметке «бұдан әрі қарай табыс салығының  прогрессивті өсу шкаласын ендіру бойынша жұмыс жасауды» тапсырды. Қазақстанда халықаралық стандарттар деңгейінен қарағанда жеке тұлғалардың табысына  салынатын салық төменгі мөлшерлі ставкалар қатарына жатады.  Табыс салығы мемлекеттің салық жүйесінің айтарлықтай бөлігін құрайды және әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге өзіндік ықпалы бар тетік болып саналады. Осы орайда, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің тәжірибесінде азаматтардың табысына салынатын салықтың прогрессивтік өсу шкаласы ұтымды шешім болып саналып келеді.

        Брифинг соңында спикер журналистер сұрақтарына жауап берді.

 

Б.Орданова,

Қызылорда облысы бойынша МКД бас маманы