Дата публикации: 06.12.2018 09:33
Дата изменения: 06.12.2018 09:33

         Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, кәсіпкерлердің құқықтарын сақтай отырып, олардың салық міндеттемелерінің толық орындауына қадағалау жұмыстарын жүргізеді.

Салық төлеушілерге салық, кеден заңдылықтарын түсіндіру бағытында да  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен («Атамекен» ҰКП) бірлесе нәтижелі жұмыстар атқарылуда.

Палатамен бірлесе «Бизнес өкілдеріне заңнамалық түсіндіру шараларын жүргізудің іс-шаралар жоспары» жылына 2 мәрте жасалып, екіжақты бекітіліп келеді. Жоспар негізінде, 2018 жылдың 10 айында департамент алаңында 9 семинар, кәсіпкерлер палатасының алаңында 10 семинар өткен,  сонымен қатар Кәсіпкерлер палатасының «Бухгалтер клубының» отырыстарына шақырумен мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жоспар аясында ортақ алаңда белсенді диалогтар өтеді және  Кәсіпкерлер палатасында арнайы ашылған «Прокурор кабинетінде» департаменттің басшы лауазымды тұлғалары аптасына  1 мәрте қоғамдық қабылдау жүргізеді.

Сонымен қатар, департаменттің Консультативтік кеңес құрамында кәсіпкерлер палатасының өкілі тұрақты мүшелікке ие. Жыл басынан бері департаментте 3 мәрте Консультативтік кеңес мәжілісі өткізілді.

Департамент өз тарапынан қолданыстағы салық заңнама нормаларында кәсіпкерлердің құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, болдырмау бағытында талдау жұмыстарын үнемі тұрақты түрде жүргізеді. Осындай талдаулар нәтижесінде 29 ұсыныстар дайындалып жіберілді (ішкі, сыртқы мониторинг бойынша).

Дегенменде, осындай бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесіне қарамастан өз кәсіпкерлік қызметін адал жүргізбейтін салық төлеушілер баршылығы ащы да болса шындық.

 Атап айтар болсақ, ү.ж. 10 айының қорытындысына сай 44 867 жеке кәсіпкердің 6 342-і (14,1%) өз жұмысын уақытша тоқтатып қойса, 9262-і (20,6%) салық есептіліктерін «0» көрсеткішпен тапсырып отыр, яғни барлық кәсіпкердің 15 604-і немесе 34,8% жұмыс жасамай отыр.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2538 салық төлеуші өз жұмысын қайта жалғастырса, 3574-і қосымша салық есептіліктерін тапсырды (38,6%).

Сол сияқты, салықтық бақылау нәтижесінде, 10 айда тіркелмей кәсіп жасап жүрген 1724 тұлға анықталып кәсіпкер ретінде тіркетілсе, 358 тұлға жүргізілген 274 рейдтік тексерулер нәтижесімен тіркетілді.

Тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтарға көрінеу  жалған шағымдар түсіру фактілері де орын алуда. Бұл ретте, тиісті қызметтік тексерулер қорытындысымен және сот шешімдерімен мемлекеттік  кірістер органдарының жасаған жұмысы заңдылыққа сай жүргізілгендігі дәлелденді.

Мысалы, үстіміздегі жылы Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан жүргізілген  камералдық бақылау жұмыстары нәтижесімен ауданның "Әбдіманап" сауда базарында барлығы 425 салық төлеуші кәсіпкерлікпен айналысатыны , оның ішінде  45 пайызы немесе  192-нің  салық есептілігін нөльдік көрсеткішпен табыс етіп, бірақ сауда орындарын жалға алып, ай сайын жал ақысын төлеп, жұмыс жасап отырғандары анықталған.

Осыған байланысты, кіріс басқармасы аудандағы сауда базарында кәсіпкерлік қызмет жүргізетін, бірақ салық есептіліктерін нөлдік көрсеткішпен, табыс көлемін кемітіп көрсететін салық төлеушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Алайда, түсіндіру жұмыстарымен келіспей 45 кәсіпкер «Атамекен» ҰКП шағым түсірді. Өкінішті жері, «Атамекен» ҰКП мәселенің байыбына бармай, кірістер органдарымен алдын-ала талқыламай, аталған кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдерін қатыстыра отырып қоғамдық кеңес өткізді.

Шағым түсірген кәсіпкерлердің шағымдарын қараусыз қалдыруын сұрап, қайтарып алуына қарамастан кеңес барысында «Атамекен» ҰКП комиссия мүшелері мен қорғаушылары тарапынан кірістер органдарының қызметіне кір келтіретін жосықсыз сұрақтар қойылып, бұл жағдай «Астана» телеарнасынан көрсетіліп, әлеуметтік желілерде таратылды.

 Ал, кірістер департаменті тарапынан жүргізілген  қызметтік тексерісте  арызданушы 45 тұлғаның 2-і жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені, 10-ы кәсіпкерлігін уақытша тоқтатып, әрі қарай сауда орынын жалға алып жұмыс жасағаны  және 34-нің салыстырмалы түрде табыстарын төмен көрсеткендері анықталды. Яғни, салық есептілігінде кәсіпкерлердің 1 айдағы жалпы тауар  айналымы  35,0-60,0 мың теңгені құрайтыны, ал сауда нүктесін жалға алу төлемақысына 13,0-15,0 мың теңге төлейтіндері  анықталған. Бұндай жағдайда, арнаулы салық режимімен жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің тауардың сатып алу бағасына 2-3 пайыздық үстеме қойып сатқан жағдайдың өзінде де  кәсіпкерлердің жалпы табыстарын төмен көрсетіп отырғандары айқын.

Осы орайда, салық есептілігінде табыстарын 0-дік көрсеткішпен көрсетіп отырған салық төлеушілер ай сайынғы жал ақысын қалай төлеп отыр дегенде сұрақ туындайды. Одан басқа визуальды бақылау жүргізу барысында күнделікті сатылған тауардың ақшалай түсімі 4,5-10,0 мың теңге құрайтындығы байқалды.

 «Атамекен» ҰКП-ның негізгі міндеті - кәсіпкерлердің құқығын қорғау мен салық төлеушілердің құқығын қолдау екендігі белгілі. Дегенмен, осындай бір жақты талқылау   фактілері бір ғана еместігінде айта кеткен жөн.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау, тексерулердің ашықтығын бақылау мақсатында «Атамекен» ҰКП-на рейдтік тексерулер жүргізу барысында өз өкілдерін қосу жөнінде ұдайы хат жолданады. Палата өкілдері «Түбіртек талап ет-жүлде ұтып ал» акциясының комиссиясына, құзыретті органдармен жүргізілетін «дөңгелек стол» кездесулеріне тұрақты шақырылады.

Алайда, осындай шаралардың барлығын іштей көре отырып,  «Атамекен» ҰКП  тарапынан «кәсіпкерлердің құқығын қорғау» тақырыбында қоғамдық резонанс тудыратын фактілерді жариялау жағдайлары жиі кездесіп, бұқара арасында мемлекеттік қызмет көрсетіп отырған органдарға деген теріс пікірдің қалыптасуына әсерін тигізуде. Әрбір жағдайдың түпкілікті мәнін, дәл сол бағытта жүргізіліп келе жатқан жұмыстардың нақты жағдайын анықтауға тырыспау, бір жақты тыңдау байқалады.

Ел бюджетін қалыптастыруға жұмыс жасап отырған Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерге қолдау көрсету бағытында нәтижелі жұмыс жасауға мүдделі. Себебі, кәсіпкер құйған салықтың ел экономикасының дамуына әсері мол және олар өндіріс пен нарықтың даумына қозғаушы күш.    

Осы орайда, бұқара арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, салық мәдениетін қалыптастыру, жаңа заңнамалық талаптарды түсіндіру жұмыстарын бірлесіп жүргізуге«Атамекен» кәсіпкерлік палатасы тарапынан оң ниет танытуға шақырамыз.

Екі тараптың бір алаңға, бір мақсатқа тоғысуы, ең алдымен, кәсіпкерге пайдалы болар еді.

 

Г.Шортанбаева,

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің

басқарма басшысы