Дата публикации: 18.06.2019 16:31
Дата изменения: 18.06.2019 16:31

Кеден органдарының тәуекелдерді бағалау және басқару жөніндегі қызметінің мәні – бірнеше міндеттерді орындау. Бұл:

  • Кеден органдарының тәуекелдерді басқара жүйесінің ақпараттық деректер базасын қалыптастыру;
  • Тәуекелдерді талдау объектілерін де, сондай-ақ тәуекелдерді талдау объектілері бойынша оларды болдырмау және азайту жөнінде шаралар қабылдау қажеттілігін анықтайтын тәуекелдер индикаторларын да жүйелі анықтауды қамтитын тәуекелдердің өздерін талдау және бағалау.

Басқаша айтқанда, талдау бөлімдерінің мамандары тәуекелдер туындаған жағдайда болуы ықтимал залалды бағалауды жүргізеді.

«Кедендік реттеу туралы» ҚР кодексінің 451-бабының 2-тармағына сәйкес, кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалануының негізгі мақсаттары:

  1. кедендік бақылаудың тиімділігін қамтамасыз ету;
  2. деңгейі жоғары тәуекел салаларына назарды шоғырландыру және кеден органдарының ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
  3. тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолдану қажеттілігі анықталмаған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуді жеделдету және оңайлату үшін жағдайлар жасау болып табылады.

Тәуекелдерді талдау объектілеріне мыналар жатады:

  • кедендік бақылаудағы не ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлар;
  • халықаралық тасымалдаудағы көлік құралдары;
  • сыртқы экономикалық сатып алу – сату не алмасу шарттарында (келісімшарттарында), келісімдерде не тауарларға иелік ету, пайдалану және (немесе) жұмсау құқығын беретін өзге де  құжаттарда болатын мәліметтер;
  • көлік (тасымалдау), коммерциялық, кедендік және өзге де құжаттарда болатын мәліметтер;
  • декларанттардың және кедендік бақылаудағы тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге де адамдардың қызметі;
  • кедендік бақылау нысандарын қолданудың нәтижелері.

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің

Кедендік бақылау басқармасының

бөлім басшысы Қайрат Тұрсынбайұлы Ердібаев