Дата публикации: 16.04.2019 19:17
Дата изменения: 16.04.2019 19:17

Консультативтік кеңес мәжілісі болып өтті

       Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жанындағы салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелері жөніндегі Консультативтік кеңестің кезекті  отырысы өтті. Кеңеске cалық саласының ардагері Дайрабай Ысқақов, кеден саласының ардагері Тулепберген Сералиев, Кәсіпкерлер кеңесінің өкілі Болат Нұрхожаев, Қызылорда кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Мырзағали Ермаханов, Қорқыт ата атындағы әуежай, Қазақстан темір жолы бөлімшесінің есепшілері, бизнес өкілдері, бірқатар ірі компаниялардың салық бөлімдерінің басшылары қатысты. Кеңесті Департамент басшысының орынбасары Мұса Қалдарбеков жүргізді. Бұл жолғы басқосу салықтық рақымшылыққа, бірыңғай жиынтық төлемге арналды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының орталығында орналасқан «Жайна» сауда үйінде жүргізіліп отырған пилоттық жүйе аясында әңгіме қозғалды.

            Қазіргі кезде салықтық рақымшылыққа қатысты Департаментте және барлық аудандар мен Қызылорда қаласы бойынша басқармаларда тұрақты комиссия құрылып, жұмыс жасап отыр.  2018 жылдың 1 қазанына салықтан қарызы бар шағын және орта бизнес өкілдеріне  рақымшылық жасау үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кірістер органдары күн сайын дербес шоттардың жай-күйіне мониторинг жүргізіп, негізгі қарызды төлеу кезінде үш жұмыс күнінен кешіктірмей есептен шығару туралы тиісті шешім шығарады.  Қызылорда облысында рақымшылықты пайдалануға мүмкіндігі бар тұлғалар саны – 1851, олардың 2018 жылдың 1 қазанына жалпы берешегі 5,3 млрд.теңгені құраған. Оның 3,5 млрд теңгесі негізгі қарыздары,  1,6 млрд. теңге өсімпұл және 200 млн. теңге айыппұл.   2019 жылдың 20 наурызына біздің облыстан 961 тұлға 175 млн.теңге көлемінде негізгі қарызын өтеп отыр. Олардың  22,5 млн. теңге өсімақысы есептен шығарылды. Бұл жөнінде басқарма басшысы Базархан Ақжігіт кеңес мүшелеріне толық түсіндіріп өтті.

            Департаменттің бөлім басшысы Жақсылық Бабасов пилоттық жоба төңірегінде баяндама оқыды. Ол Астана қаласының «Шапағат» коммуналдық базарында 2018 жылы пилоттық жоба жүзеге асырылып, оның нәтижесімен бюджетке түсетін салық және басқа да міндетті төлемдер түсімі алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда едәуір артқандығын айтты. Осы  пилоттық жоба қызмет көрсетудің сапасын арттырып қана қоймай, көлеңкелі айналым көлемін қысқартады, сауда жасауды жаңа, заманауи деңгейге көтереді. Сондай-ақ, сатып алушыларға  қолайлы жағдай жасалынады (арнайы тұрақ алаңы, қоңыржай ауа баптау, қоғамдық тәртіп т.б.). Біздің жағдайымызға келетін болсақ, Қызылорда облысында ағымдағы кезеңге 45 көпшілік сауда жасайтын сауда үйлері, сауда қатарлары, базарлар бар. Оның ішінде 25-і Қызылорда қаласында қызмет атқарады. Ағымдағы кезеңде жоғарыда аталынған нәтижелі жобаны басшылыққа ала отырып Қызылорда қаласының «Жайна» СҮ-де  ұқсас пилоттық жоба жүргізілуде. Пилоттық жобаны іске асыруды қамтамасыз ету  мақсатында Қызылорда облысы әкімдігі, «Жайна» СҮ-нің әкімшілігі және Департаменттің үш жақты іс-шарасын бекітіп жүзеге асыруда.  

            Кеңесте қаралған үшінші тақырып – бірыңғай жиынтық төлем турасында болды. Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер, мөлшері,  қашан және қалай төлеу қажет,төлеушілердің қандай құқықтары мен кепілдіктері бар? – осы және басқа да тақырыпты ашатын сұрақтарға басқарма басшысы Гүлжамал Шортанбаева кеңінен жауап берді.

            Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан мемлекеттік бағдарламаларды игеру, жаңа талаптарды орындау әрдайым бірінші кезекті міндет. Аталған бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде саралап отыру арқылы жаңа жоспарлар түзіледі. Олардың орындалуы үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз.

 

 

 

 Светлана Казбекова,

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің

бас маманы

23-55-45