Дата публикации: 10.04.2018 11:51
Дата изменения: 10.04.2018 11:51

 

Серік Мұстафаев,

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы

 

          Тілге жеңіл оралып, көбірек қалжыңға қаратып айтылатын «Адам баласын құтқармайтын екі нәрсе бар: бірі – өлім, екіншісі - салық» деген Американың алтыншы президенті Бенджамин Франклиннің сөзіне терең экономикалық мән беруге болады.

          Салық – бұл жаза емес. Мал-мүлкі үшін, шабындық және жайылым жері үшін, керуен артып жасаған саудасы үшін салық пен баж төлеу бұрынғы заманнан бар үрдіс. Алайда салықтан жалтару, заң талаптарын айналып өту жиі кездесетін құбылысқа айналып бара жатқаны алаңдатады.

          Кәсіпкерлікпен шұғылданушы әрбір тұлға бизнесі оның жұмысы екенін ескергені жөн. Мұғалімнің, дәрігердің немесе инженердің жұмысы сияқты. Кәсіп ашқан соң терең білім, арнаулы дағдыларды меңгеру қажет, яғни салық заңдылығының, бухгалтерлік есептің  негіздерін білуі керек. Ынтасы мен дайындығы бар жанға бүгінгі ақпараттық технологиялар заманы көп мүмкіндікті қарастырып-ақ тұр.

          Ел Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік  революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталды. Еліміз  үшін  дамудың жаңа кезеңінде туындайтын міндеттеріміз -  халыққа көрсетілетін қызметті ықшам, ыңғайлы, жылдам әрі барынша түсінікті сипатқа келтіру. Біздің мақсатымыз – қоғамның талабымен, оның дамуымен қатар жүру ғана емес, азаматтардың бүгінгі уақытқа сай көзқарасы мен талғамын қалыптастыруға үлес қосу. Яғни, кәсібін тіркету сәтінен бастап оның дамуы мен көтерілуі үшін барлық қызметтің жетілдірілген түрін ұсыну.

         Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өткен 2017 жылы мемлекеттік қызметтердің 89% электронды нысанда көрсеткен. Бұл алдыңғы 2016 жылғы көрсеткіштен 7,7%-ға артық, яғни жыл сайын электронды форматта қызмет көрсету қарқыны артып келеді. Оның ішінде, салық есептілігінің 99,3% үлесін   электронды түрде  тапсырылған есептер құрап отыр.

        Қазіргі салық төлеушіге есебін тапсыру немесе ақпарат алу үшін барлық жағдай жасалған.  Интернет көзі арқылы «салық төлеушінің кабинетіне» кірсе болғаны. Салық төлеушінің кабинетінде бірқатар құжаттарды электронды алмасуға мүмкіндік бар, оның ішінде: салық есептілігін жіберу, камералдық бақылау туралы, салық бойынша қарызын өтеу туралы, салық есептілігінің тапсырылмағаны туралы хабарламаны жөнелту, жинақтаушы зейнетақы қорына және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына салымшылардың тізімін салу сияқты түрлері бар.

         Алайда, жұмыс тәжірибесі салық төлеушіге қажетті мәліметтер бойынша бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де шеңбері кең болуына қажеттілікті көрсетіп отыр.  Осы орайда, біздің бастамамызбен «Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру» ақпараттық жүйесін ендіру жобасы қолға алынды.  Бірыңғай деректер қорын құру арқылы басқа құзыретті органдармен өзара ақпарат алмасуды жолға қою көзделеді. Түпкі мақсат -  салықтың  жиналу деңгейін көтеру. Сонымен қатар, электронды нысанға көшу жұмысты қолмен атқаруға, тасымалға және қолма-қол тапсыруға жұмсалатын уақыт пен шығынды үнемдейді.

         Сонымен қатар, бюджетке төленетін міндетті салықтар туралы әр азаматтың, отбасының мәліметін бірыңғай төлем құжатына қосу туралы да біздің ұсынысымыз бойынша жаңа бағдарламалар жасалуда. Осының барлығы электронды форматқа, сандық жүйеге көшудің, «ақылды қала» болудың алғашқы қадамдары, және оған қосатын біздің үлесіміз.

         Себебі, 2020 жылдан бастап жалпыға бірдей кіріс пен шығысты декларациялау тәртібі енгізіледі. Сол кезде әр азаматтың  табысы мен иелігіндегі барлық мал-мүлкінің есебі түгел әрі заңды болу керек.

          Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясындағы басым бағыттардың бірі – бірте-бірте электронды форматқа көшу арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет тәртібін жеңілдету және азайту. Жыл сайынғы заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар осы мақсатқа жақындататын қадамдар. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде әрбір жыл соңында тәуелсіз сараптама көмегімен мемлекеттік кірістер органдары көрсететін қызметтің сапасын талқылау тәжірибесі бар. Қазақстан салық төлеушілер Ассоциациясы жүйелі түрде тұтынушылардың пікірін зерттеуге тәуелсіз агенттіктерге тапсырыс береді. Бұл зерттеулер 2007 жылдан бері салық қызметі бойынша, 2015 жылдан бастап кеден және Экономикалық тергеу қызметі бойынша сауалнаманы жүзеге асырады. Және мониторинг бизнес өкілдерін, тұтынушыларды, сонымен қатар басқа мемлекеттік органдар өкілдерінің пікірін қамтиды. Зерттеу қорытындысымен Комитет өз қызметін жүргізу мен  басқарудың тетіктерін оңтайландыру немесе жетілдіруге қатысты шешімдер қабылдап отырады.

        Мысалы: өткен 2016-2017 жылдарда жүргізілген сауалнама нәтижесімен Қызылорда облысының мемлекеттік кірістер органдары тұтынушылардың қызмет сапасына көңілі толатын өңірлердің алдыңғы қатарында болды.  Ықтиярлы салық төлеу коэффициенті жыл сайын көтеріліп келеді. Бұл дегеніңіз – біз әрдайым салық төлеушінің мәдениетін көтеруге ықпал жасап, оның ынталылығын арттыруға әсер етуге тиіспіз.  Себебі  қызмет көрсету тетіктері, оның ішінде мемлекеттік кірістер органдары да бар, өз қызметін дамыту мен жетілдіруде тұтынушының сенімі мен қанағаттану деңгейіне иек артады.

          Мемлекеттік кірістер органдары да өз қызметін жетілдіруді уақыт талабымен қатар алып жүруді мақсат тұтады. Салық түсімдерінің деңгейі ішкі жалпы өнімге қарағанда 2016 жылы 15,2% болса, 2017 жылы 16%-дан асқан.

         2017 жылдың қорытындысымен мемлекеттік бюджетке 104,7 млрд. теңгенің түсімі қамтамасыз етілді, жоспар 102,7%-ке орындалды.  Жалпы шоғырландырылған бюджетке 204,7 млрд. теңге өндірілді, яғни алдыңғы 2016   жылдан 45,4 млрд.теңгеге немесе 28,5%-ке артты. 

         Бюджет кірісін қамтамасыз етуде басым бағыт, әрине, қосымша кіріс көздерін табу болып табылады. Өткен жылы салықтық, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бағытында жүргізілген шаралар нәтижесінде мемлекеттік бюджетке қосымша 10,4 млрд. теңгенің түсімі қамтамасыз етілді. Тек салықтық тексерулер нәтижесінің өзінен 4,9 млрд.теңге қосымша есептеліп, оның 3,9 млрд.теңгесі өндірілді.

         Осы орайда айта кету керек, салықтық тексерулер саны, 2016 жылға қарағанда,  1621-ге  немесе  45%-ке азайды, десек те тексерулер нәтижесімен қосымша салық өндіру көлемі артты (2016 жылы - 1,7%, 2017 жылы - 27,8%).

          Кедендік ресімдеу мен бақылау да  халықаралық стандарттар деңгейіне көтерілуде. Биылғы жылдан бастап ҚР Кедендік реттеу туралы кодексі мен Евразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі жаңа мазмұнда қолданысқа енді.

         2017 жылғы облыстың сыртқы сауда айналымы 403,6 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт 313 млн. (384 мың тонна), импорт 91 млн. $ (61 мың тонна).

        Кедендік төлемдер мен салықтар түсімі – 7,3 млрд.теңгеге тең, тапсырма 104,7%-ке орындалды. 2017 жылы 38 кедендік тексерулер жүргізілді, тексерулер тиімділігі 97%.  Нәтижесімен 386 млн.теңге қосымша есептелінді.

         Сондай-ақ, өткен жылы ресімделген декларациялардың (барлығы-2727)  99%-і  «күнбе-күн» тәртібімен ресімделді. Елеулі өзгеріс -  2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «электронды декларациялау» тәртібіне көшкеніміз.          Мемлекеттік кірістер комитеті ендірген электронды декларациялаудың «Астана-1» ақпараттық жүйесі экспорт режимі бойынша іске қосылды.  Бұл жаңа жүйе  Бүкіләлемдік сауда ұйымының  талаптарына және Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа кеден заңнамасына сәйкес сауданы жеңілдету мақсатында жасалған. Электронды декларациялау деректерді толықтай кодпен цифрландырады, ол деректерді өңдейді, кедендік салықтар мен төлемдерді автоматты түрде есептеп, өндіруді жүзеге асырады. Тауарды айналымға шығару үшін жүйе өздігінен белгілі бір «дәлізді» таңдайды: ол «тәуекелді дәліз» немесе «жасыл дәліз» болуы мүмкін. Тәжірибеде байқалғандай, декларацияны өңдеу және жасыл дәлізбен шығаруға 1 минуттай ғана уақыт жұмсалады. Департаменттің қызмет аумағында 2018 жыл басынан 27 наурызға 228 декларация экспорт режимінде электронды өңделіп, шығарылды. Көп функционалды болғандықтан  бұл жүйе кезең-кезеңмен ендіріле бастайды. Мемлекеттік кірістер комитеті сәуір айынан бастап импорт режимі де электонды форматқа көшіріледі деп мәлімдеп отыр, қазір дайындық жұмыстары жасалуда.

         Электронды, жетілдірілген нысанда жұмыс жасаудың және бір жаңа қадамы – биылдан бастап «Е-қылмыстық іс» жүйесінің қолданысқа енуі. Қылмыстық процесті цифрландырудың бұл үлгісі  қылмыстық істің тіркелуінен бастап, үкімнің орындалуына дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Мұнда істің материалдарын өзгертуге мүмкіндік болмайды, айғақтарды, құжаттарды  жинақтау жеңілдейді, тергеу орындары мен сот органдарының шығындары азаяды. Қазіргі кезде электронды форматта тіркелген алғашқы қылмыстық істер жаңа жүйемен жүргізілуде.

         Департаменттің  құқыққорғау бағытындағы жұмыс қорытындыларына тоқталсақ,  2017 жылы Экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде барлығы 263 қылмыстық іс болды. 225 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері департаменттің өзімен жүргізілгенін айта кету керек. Оның ішінде 161 іс (71,6%) жедел іздестіру шараларының нәтижесімен анықталып, тіркелген.

         Өткен жылы аталған қылмыстық істердің 230-ы аяқталып, 130 іс сотқа жолданды (50%), 100 іс ақталмайтын негізде тоқтатылды.

        Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде біздің құқыққорғау бағытындағы жұмыстарымыз туралы. Қылмыстық істер жалған коммерциялық әрекеттер, құзыретін асыра пайдалану, қылмыстық жолмен табыс табу, мұнайдың заңсыз айналымы, заңсыз ойын және алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымы сияқты сипатта болып келеді.

         Салық және кеден саласындағы құқықбұзушылықтар негізінде 54 қылмыстық іс тергеліп, оның 45-і аяқталған, 16-сы сотқа жөнелтілді.          Мұнай мен мұнай өнімдеріне қатысты 12 қылмыс анықталса, оның 10-ы сотқа жолданды. Көлеңкелі экономиканың  кең тараған түрі болып отырған         «жалған шот-фактура жазу» бойынша өткен жылы 11 қылмыстық іс аяқталды. Оның тек 3 фактісі арқылы ғана 764 млн. теңгеге  жалған шот-фактура жазу орын алған.

         Заңсыз ойын бизнесі бойынша өткен жылы 79 қылмыстық іс тергелді, оның 70-і аяқталды, 65 іс сотқа жолданды. «Онлайн-казиноны» заңсыз ұйымдастырған орындардан 39 компьютер блогы, 98 лотерея терминалы және 1 млн. 590 мың теңге ойыннан түскен ақша айналымнан алынды.

Алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты тіркелген 14 қылмыстық іс  нәтижесінде  984 491 бөтелке ішімдік  айналымнан алынып, істер сотқа жолданды.

Мемлекеттік мекемелерге контрафактілі өнімдерді өткізу фактілерімен 32 іс жүргізіліп, аяқталды. Бұл бағдарламалық өнімдерге қатысты, яғни «1С бухгалтерия»  бағдарламасының жалған  көшірмесі орналастырылған. Бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау және талан-таражға салу фактілерімен 87 қылмыстық істің өндірісі  жүргізілген. 71 іс аяқталып, 25-і сотқа жолданған.  Экономикалық қылмыстармен бір жылда ғана жүргізілген осынау істердің қорытындысымен мемлекетке келтірілген 2,8 млрд. теңгенің залалы қайтарылды, 908 млн. теңгенің мүлкі мен қаражатына шектеу қойылды.

           Мемлекеттік кірістер органдары 2025 жылға қарай шоғырландырылған бюджетке түсімдер деңгейін ішкі жалпы өнімнің 25%-на жеткізуді мақсат етіп отыр.   Бюджетке түсімді арттыру, қызмет көрсетуді  жетілдіру, әрине, мамандардың ақыл-ойын, жұмыс әдісін жетілдірумен тығыз байланысты. 

         Бала күнімізде жаттап өскен «Оқу-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды. Айшылық алыс жерлерден - жылдам хабар алғызды» дейтін Ыбырай Алтынсарин атамыз армандаған заман – осы цифрлық технологияның  қолданысқа енген уақыты шығар. Біздің өміріміз бен тірлігімізге 70-ші жылдарда енген үлкен-үлкен электронды есептеу машиналары мен компьютерлер қазір  қалтамызға сиятын ұялы телефондарға айналды емес пе? Қазірдің өзінде уақыттан озған идеялар мен жаңалықтарды көптеп кездестіруге болады.  Келешекте  қолдан жасалған ақыл (искусственный интеллект) басқару мен ұйымдастыру тетігіне айналуы мүмкін.   Алайда, осынау өзгерістерді жасайтын да, ендіретін де адам, ол – санасы мен ақылын ұдайы дамытып отыратын адам.

         Осы орайда, мемлекеттің тайқазаны - бюджеттің қалыптасуы әрбір салық төлеушінің міндеттілігімен де байланысты екені анық.  Салықты ықтиярлы төлеу, міндетінен  жалтармау, заң шеңберінде жұмыс жасау – әрбір азаматтан және кәсіпкерден осы ғана талап етіледі.

         Кәсіпкерлік, әрине, пайда табуды көздейді. Алайда, пайда табу мемлекеттің қаражатын мақсатсыз жұмсау мен жымқыру арқылы жүргізілсе – бұл енді қылмыс.  Дамуымызға кедергі келтіріп отырған заңсыздық пен қылмыстар түрі  салықтан жалтару, мемлекет қаражатын жымқыру, мұнай өнімдерін ұрлау, заңсыз алкоголь айналымы, заңсыз ойын бизнесі, қаржы пирамидалары  болып түрленіп барады. Сонымен қатар, қызмет ауқымын жасыру, нақты табыс көлемін көрсетпеу дағдысы да заңнамалық тұғырдан таюмен тең. Бұған күнделікті қолына мардымсыз еңбек ақы алып,  заңды тіркелмегендіктен  зейнетақы және әлеуметтік аударымдардан қағылатын жалдамалы жұмысшыны қосыңыз. Осының барлығы түсімдері азайған мемлекет бюджеті ғана емес, адалдық пен жауапкершіліктің де таразысы.

          Қоғамның тазалығы, тыныштығы, қазіргі және келешек келбеті әрбір азаматтың көзқарасы мен жауапкершілігіне қатысты. Әр тұлға немесе кәсіпкер, өзінің заң алдындағы міндеттемесін орындауда алысқа көз тігіп, келешегін ойлап әрекет етуі қажет. Заң бұзбаған, кәсібін  бүркемелемеген,   табысын  жасырмаған жанның еңсесі биік. Дамуы мен өсуінің мүмкіндігі мол. Бүгінгі күннің деңгейінен қарағанда кәсібін адал жүргізіп, табысқа да, абыройға да жетіп жүрген азаматтар саны артып келеді. Екінші бір мәселе, біздің азаматтарға мұқияттылық жетіспейтін секілді. Дүние-мүлкінің құжаттарына, есеп-қисаптарының түгелдігі мен барлығына мән бермеу, салғырттық түрлі қателіктерге, ұзаққа созылған дауларға алып келеді. Қордаланып қалған қарызы барын, сатып алған немесе сатып жіберген мүлкінің құжаттары дұрыс ресімделмегенін қолына хабарлама келгенде немесе шетелге шығайын деп тұрғанда біледі.

          Қазір барлық ақпарат қолжетімді. Электронды кілті бар адам -  үйде отырып та шаруасын тындыра алады.  Қызмет сапасына көңілі толмаған жанды тыңдауға дайынбыз. Себебі, әрбір мемлекеттік қызметкерден білікті, коммуникабельді, сыпайы болу талап етіледі.  Және халыққа көрсетілетін қызметті жетілдіру мен бизнеске қолайлы жағдай жасау басты мақсатымыз.

Жақында ғана Елбасы жария еткен әлеуметтік жаңғыру жолындағы бес бастаманың екіншісі – жалақысы төмен азаматтардың салықтық жүктемесін азайту – осы мақсатты шараның бірі.  Айлық жалақысы 25 еселенген  АЕК мөлшерінен төмен қызметкер үшін табыс салығының мөлшері 10 есеге азайтылатын болады және бұл тәртіп 2019 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енеді.  Биылғы жылға АЕК мөлшері 2405 теңге, бұл талап 60125 теңгеге дейінгі мөлшерде жалақы алатындарға қатысты болмақ.  Мысалы: 50 мың теңге жалақы алатын қызметкердің  жалақысынан ұсталатын табыс салығы, қазіргі кезде 1672 теңгені құраса, келесі жылы ол 167 теңгеге тең болады. Елбасының бұл бастамасы жалақысы төмен  азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, бұл шара «конверт» арқылы жалақы төлеу әдісін жоюға әсер етеді, яғни жалдамалы жұмысшыларының көлемін жасыру арқылы салықтан жалтарушыларды «көлеңкеден» шығаруға және өз шаруашылығы арқылы табыс табатындардың кәсібін заңдастыруына мүмкіндік береді.

 Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс» деген болатын.  Ойымыздан да, ісімізден де ұлттың болашағын ойлаған, келер ұрпақтың қамын жеген шынайы патриотизм көрінетін қауым бола алу – әркімнің қоғамдағы орны мен дербес үлесіне байланысты.