Дата публикации: 15.03.2018 11:01
Дата изменения: 16.03.2018 16:14

         Халықаралық міндеттемелерді, БҰҰ-ның талаптарын ескере отырып, құқық қорғау органдары жүйесін жаңғырту және құқық билігі саласындағы реформаларды жүзеге асыру бойынша, оның ішінде азаптауға қарсы, бағдарламалық тапсырмаларды орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасымен «Қоғамға азапсыз» атты жоба ұсынылған.

       Құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң, қылмыстық процесті реформалау емес. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізілген қылмыстық саясаттың жалғасы. Оның басты концепциясы қылмыстық процесті одан әрі жетілдіру және осы қылмыстық процеске қарапайым халықтың көзімен қарау болып отыр.

       Басты мақсат – қылмыстық процесте адамның құқын қорғау деңгейін арттыру,  қылмыстық процесте жарыспалықты күшейту. Сотқа дейінгі сот бақылауын күшейту. Тергеу жүргізу тәртібін оңтайландыру және тергеу, прокуратура және сот өкілеттіліктерінің қайталануын болдырмау, оларды нақты бөлу. Әлемнің озық елдерінде жаңа технологиялардың бәрі адамның құқығын қорғауға бағытталған. Бұл тәжірибе кезең-кезеңімен біздің мемлекетте де енгізіліп жатыр.

        Жоба талаптарына сәйкес, қылмыстық қудалау органдарында күдікті, айыпталушы мен ұсталған және күзетпен ұсталған тұлғаларды тергеу үшін бөлек «ашық» және бақылай алатын бөлмелердің бар болуы тиісті.

          Аталған талаптар аясында қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарын сақтау бірінші кезекте. Яғни күзетпен ұсталған тұлғаларға, күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты тергеп-тексеру жүргізудің заңсыз әдістерін қолдануды болдырмау -  мемлекеттік кірістер органдары экономикалық тергеу қызметінің жұмысында басымдықтың бірі болып табылады.

          Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметі аумағында бейнебақылау жүйесі енгізілген бөлек тергеу бөлмесі жабдықталған. Арнаулы тергеу бөлмесі Экономикалық тергеу қызметі ғимаратының 1 қабатында, кезекші бөлімнің жанында орналасқан. Тергеу бөлмесінің бір қабырғасы ашық әйнектен тұрады, бейне бақылау жүйесімен жабдықталған. Тергеушінің жауап алу процесінің толықтай көрініп тұруы тергеу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.

         Құқыққорғау қызметін  жаңғырту дегеніміз – қылмыстық процестерді барынша  жеңілдету және жеделдету болса, оның түпкі мақсаты азаматтардың құқығының қорғалуы.

 

Нұрлан Ерманов,

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің

жетекші маман-тергеушісі