Дата публикации: 26.10.2018 15:38
Дата изменения: 26.10.2018 15:42

        Сыбайлас жемқорлық заманмен бірге өсіп, небір тегеурінді қарсылықтарға қармастан, қайда көп қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын қатты алаңдатып отырғаны анық . Ықылым заманнан бері өз шенін жоғарлату, ешбір қиындықсыз кез келген нәрседен өтіп кету, болғанды болмағандай етіп шығару секілді көзбояушылық жемқорлықтың әрекеті.

        Адамдар осындай жайттарды көре тұра бір-бірене сенімсіздікпен, күдікпен қарайды. Кішкене қиындыққа тап бола қалсақ, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өткіміз келетіні ащы да болса шындық. Әйтсе де, бұл дертпен қоғам болып күресіп жатқанымыз белгілі. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, онымен күрес жүргізу-жалпы ұлттық міндет»,-деген болатын.

       Әрине, сыбайлас жемқорлық шауып тастайтын өсімдік емес, бұл тамырын тереңге жайған, қоршаған ортаның сау органдарын шырмап, тынысын тарылтатын қауіпті кесел. Кез келген тұлға біреуге сыйақы ұсынып жатқанында өзінің сыбайлас жемқорлыққа барғанын сезінбейді. Ол үшін ең маңыздысы өз ісінің оң шешімін тапқаны болып табылады. Сол себепті бұл күресте әр адам өзін психологиялық тұрғыдан дайын болғанда ғана бастаған жөн. Әрбір адам ар-намысы, абыройының алдында таза боламын деп өмірлік ұстаным ұстанса ешқашан жемқорлыққа жол бермейтіні анық.Сонымен қатар заң алдында барлығының мәртебесі  тең екенін ешқашан естен шығармаған абзал.

       Заңды бұзған екенсің, оның баптарына сәйкес жауапқа тартыласың, дейтін нақты ережеге иек артсақ, демек, тәртіп-қатаң, заң-ортақ.

       Қоғам дамуының жаңа  жолын таңдап, жас мемлекетіміздің буынын берік ұстаймыз десек, уақыттан туындаған түрлі кеселдерден айығуды міндетті күн тәртібіне айналдырғанамыз жөн. «Тура  биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»-, деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік отыз мемлекеттің қатарына жетуді көздеп отырған шақта парасат биігінен көрінуге тиіспіз.

 

К.К.Примбетова

Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік

кірістер басқармасының бас маманы.