Облыстық коммуникациялар орталығында Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Бектас Нуриддинов республикада жария етілген «Чек талап ет – жүлде ұтып ал» акциясы туралы хабардар етті.
Акция 1 қазан мен 15 желтоқсан аралығына жарияланған, «Wipon» мобильді қосымшасы арқылы электронды форматта жүргізіледі. Бұл мобильді қосымша таза қазақстандық өнім болып табылады. Отандық мамандар дайындаған бұл қосымшаны ақысыз көшіріп алып, смартфондардың барлық түрлері мен басқа да гаджеттерде пайдалануға болады.
Акцияға өздері тұтынған тауарлар, көрсетілген қызметтер үшін берілген фискалды чектің фотосын жіберген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Егер фискалды чек берілмеген жағдайда, азаматтар бұл бұзушылықтарды көрсетіп шағым жібере алады.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде ай сайын жүлделердің ұтысы мен оларды табыстау өтеді. Бас финал жылдың аяғында Мемлекеттік кірістер комитетінде болады. Онда бағалы жүлделер, оның ішінде бас жүлде – автокөлік ұтысқа салынады. Жүлделер бизнес-қауымдастықпен ұсынылып отыр.
Ұтыс жеңімпаздары чекті кездейсоқ таңдау әдісімен анықталатын болады. Қаншалықты көп чек жіберілсе, жүлдені ұтып алу мүмкіндігі де соншалықты өсе түседі. Қайталанып жіберліген чектер ұтысқа қатыспайды.
Акцияға қатысып – автокөлік ұтып алыңыз!