Жарияланған күні: 28.11.2016 17:47
Өзгертілген күні: 28.11.2016 17:51

Осындай тақырыппен Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Мұса Оспанұлы Қалдарбеков облыстық коммуникациялар орталығында БАҚ өкілдеріне брифинг берді.                       Қызметі күрделі мемлекеттік кірістер органдарында  жемқорлықты болдырмау бағытында  жұмыс тұрақты жүргізіледі. Қолданыстағы заңдылықтарға енген өзгерістер мен толықтыруларды салық төлеушілер назарына жеткізу үшін, тұрақты түрде мамандардың түсіндіру сипатындағы материалдары жарияланып тұрады. Апта сайын «Салық және Халық» телебағдарламасында түсіндірме сипатында сұхбаттар беріліп тұрады. Қызметкерлер арасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының  Қызылорда облысы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен семинар-оқулар, дәрістер жиі өткізіліп тұрады. Департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасының мамандары республика көлемінде мемлекеттік кірістер органдарында орын алған жемқорлық сипатындағы фактілер мен жағдайлар туралы қызметкерлерді таныстырып, хабардар етуі де тұрақты.  Салықтық тексерулерді жүргізуге іріктеу, салық міндеттемесін өз дәрежесінде орындамай жүрген салық төлеушілерге баса назар аударыла отырып жүргізіледі. Бұл шара да, сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың алдын алу үшін жасалуда. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру,  яғни қызмет түрлерін электронды форматқа көшіру  арқылы мемлекеттік қызметкерлер тарапынан келушілермен тікелей кездесуді азайту көзделуде.

 Алайда, жыл басынан бері облыста мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлеріне пара ұсынудың бір фактісі, қызметкерлер тарапынан пара алудың екі фактісі орын алды. 2016 жылдың мамыр айында Қызылорда қаласы бойынша МКБ жедел тобы «Көктем» кафесінде арнаулы рұқсатсыз (лицензиясыз) алкоголь өнімін сату фактісін анықтап, тексеру актісін жасаған. Акт жасау барысында кафе иесі, дара кәсіпкер лауазымды қызметкерлерге 10000 теңге пара ұсынған. Алайда, қызметкерлер бұл жайлы Ішкі қауіпсіздік басқармасын хабардар етіп, пара беру барысында дара кәсіпкер ұсталды. Қызылорда қалалық сотының шешімімен, ол азаматша 200000 теңге әкімшілік айыппұлға тартылды. Мамыр айында Департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасының Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының облыстық департаментімен бірлескен жедел-іздестіру шаралары кезінде Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы С.Кушпанов пара алу кезінде ұсталған. Халық тұтынатын тауарлар сататын дүкенде бақылау-касса машинасын қолданбау фактісі бойынша дара кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартуды жасырып-жабу үшін 25000 теңге пара алған. ҚР ҚК 366 бабы, 2 бөлімімен (пара алу) көзделген қылмысы үшін С.Кушпанов, қалалық сот шешімімен,  пара сомасының 60 еселенген мөлшеріне, яғни 1 500 000 теңгеге айыппұлға тартылған. Осы қызметкердің бөлім басшысы қызметінен босатылды, Қызылорда қаласы бойынша басқарма басшысының осы бөлімге жетекшілік жасайтын орынбасарына «сөгіс» жарияланды.

 2016 жылдың тамыз айында, дәл осындай бірлескен шара негізінде, Қызылорда қаласы бойынша МКБ лауазымды тұлғасы пара алу фактісімен өз қызметтік кабинетінде қолға түскен. Тағылған айып: қызметтік өкілдігін пайдаланып, бірнеше ЖШС өкілдерінен олардың жалған кәсіпкерлікпен шұғылдануына қорғаншылық жасау үшін пара алған. Осы әрекеті арқылы басқарма басшысының орынбасары Қ.Әбдреев мемлекеттік бюджетке 64 000 000 теңге көлемінде салықтар мен төлемдерден залал келтірілген. ҚР ҚК екі бабы: «пара алу» (ҚР ҚК 366 бабы, 1 бөлігі), «тауарларды тиеуді, қызмет көрсетуді және жұмыстарды нақты атқармай, шот-фактураларды жазып беру» (ҚР ҚК 216 бабы 2 бөлігі, 2,4 тармағы) бойынша сотқа жолданған бұл іс қазір Қызылорда қалалық сотының қарауында.  Сонымен қатар, жыл басынан бері қызметкерлерге Әдеп кодексін бұзғаны үшін қолданылған тәртіптік шаралар болған: бір қызметкерге «атқаратын лауазымына толық сәйкес еместігі туралы» ескерту берілді, «мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны үшін» шарасы екі қызметкерге қолданылып, мемлекеттік кірістер органдарынан жұмыстан босатылды. Департаментте жемқорлықты болдырмау, одан қызметкерлерді барынша сақтандыру үшін көптеген шаралар жүргізіледі. Тоқсан сайын, Департамент басшысы және аумақтық басқарма басшылары, бекітілген кестеге сәйкес, «Нұр-Отан» партиясының филиалдарында қоғамдық қабылдау жүргізеді. Биылғы 10 айда сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және оған жол бермеу мақсатында,  БАҚ арқылы 90 мақала мен хабарландырулар және  сұхбаттар берілді.  Жүргізілген іс-шаралар қатарында семинар-кеңес пен дәрістерді (57), техникалық оқуларды (144), дөңгелек үстелдерді (27), жарнамалық роликті (72), ауыл округтеріндегі халықпен кездесулерді (24) атауға болады.    Биылғы жылдың өзінде  департамент ғимаратында бейне бақылау жүйесі біраз күшейтілді, барлық басқарма басшыларының, аудандық басқармаларды қосқанда, кабинетіне бейнекамера орнатылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерге сыйлықтар беруді болдырмау, яғни ғимаратқа кіру тәртібі қатаң бақылауға алынған.

 

       

Департаменттің Түсіндіру жұмыстары басқармасы

Б.Орданова