Дата публикации: 17.03.2017 15:56
Дата изменения: 17.03.2017 15:56

Тіршіліктің тынысын кеңітіп, жерді жібітіп, адамзат атаулыны мейірім мен шапағатқа үндейтін әз Наурыз мерекесі келіп жетті, баршаңызға құтты болсын!

       Қыстың соңы, көктемнің басы – бұл Наурыздың қадір қасиеті ерекше. Күн мен түн теңелетін шақтың бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің мерекесі болып аталуында да бір үндестік бар.

       Дәл осы мерекеде көрініс табатын жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттердің жас ұрпақ үшін өнегесі де маңызды. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық нышандары бар. Және  бұл танымдық ұғымдар жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көрегендікке баулиды.  

        Наурыз мерекесіне ғана тән айрықша дәм – Наурыз көженің өзі үлкен дәстүрлі сипатқа ие. Жеті түрлі дәмнен дайындалатын наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы ішіп-жемнен тарлық көрмейді деген ұғым бар. Наурыз көжеден дәм татуға  көрші-көлем, үлкен кісілер шақырылады. Осы астан ауыз тиген үлкендер «Төрт түлік ақты болсын! Өрісің малға, үйің жанға толсын! Ақ мол болсын!» деген баталар береді. Сапарда жүрген жандарға сыбаға сақталады. Бұл тілектердің бір отбасына ғана емес, ағайынға, елге ортақ тілек екенін аңғару қиын емес.

         Олай болса, барша ағайынды, әріптестерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі ниет пен жақсы тілек тілеймін.

         Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер органдарында қызмет жасайтын әрбір қызметкер елдің игілігіне, ортақ қазына бюджетке елеулі үлес қосады. Әрбір әріптеске денсаулық, табыс тілеймін.

        Халықтық дәстүр бойынша ұлыстың ұлы күнінде барлық даланы Қызыр ата аралап жүреді деген сеніммен адамдар  ренжіспейді, бір-біріне дауыс көтермейді, үлкендерден бата сұрап, замандастар бір-біріне сый-сияпат жасайды.

         Еліміздің болашағы мен дамуы үшін еңбек жасап жүрген әр адамға осындай ізгі қасиеттер ортақ болып, мереке ерекше қуат беріп, шапағат  нұрын дарытса екен.

         Жаңа жыл, жаңа күн елімізге және барлық отбасына ырыс-несібесін, қуаныш-берекесін, бақыт-байлығын ала келсін!

 

 

Ізгі тілекпен,

Қызылорда облысы бойынша

мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы

Серік Жолдасбекұлы Мұстафаев