Дата публикации: 18.03.2017 16:06
Дата изменения: 18.03.2017 16:06

         Самарқанның көктасын еріткен Наурыз ерекше қасиетті ай. Бұл айдың шапағаты әрбір жанды  жақсы тілек тілеуге,  кешірім сұрауға, алғыс білдіруге жетелейді.  Ұлыстың ұлы күнінде өзімнің және отбасымның атынан әріптестеріме алғысымды білдіргім келеді.

         Менің 4 жасар ұлым Сырым ауыр науқасқа ұшырап, «мидың күрделі ісігі» диагнозымен көп қиналды. Кішкентай балапанымның дертіне шипа іздеп, біздер де барынша сарсылдық. Астана қаласындағы «Ұлттық нейрохирургия орталығында» екі мәрте ота жасатып, болмаған соң шетелдік мамандарға жүгінуге тура келді. Германиядағы бір клиникада ота жасау мүмкіндігі бар дегенді естіп, қаражат жинадық.

         Баламның жағдайы күн сайын нашарлап, комаға түсіп кеткенде, үмітіміз үзілуге шақ қалып еді. Дәл сол кезде менің әріптестерім – Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымы маған көмек қолын созды.

         Барлық  қызметтестерім,  аудандар және Қызылорда қаласы бойынша басқармалар тез арада шешім қабылдап, бір күндік жалақысын аударды менің есебіме. Департаменттің бастамасын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің орталық аппарат қызметкерлері және барлық өңірлердегі әріптестер қолдады. Бір күндікпен шектелмей, көлемді қаржы бөлгендер де бар.

         Уақыттың тығыздығына қарай Мәскеудің нейрохирургия бағытындағы орталық клиникасында  ота жасатуға шешім қабылдағанбыз.  Баламның көрер жарығы бар екен.  Ота сәтті болып, балам жарық дүниеге екінші мәрте келді.

          Күн сайын жақсарып келе жатқан балам үшін қуанам, сәт сайын біздің отбасымызға жәрдем жасаған жандарға  деген алғысым жанымды толқытып жүр.

          Өзімнің ғана емес, жұбайымның, Сырымның бауырлары – екі баламның алғысы мен ілтипатын бізге ортақ  басылым  арқылы жеткізгім келеді. Барлық әріптестеріме наурыздың шуағымен бірге өз жүрегімнің шаттығын  білдіргім келеді.

          Бар болыңыздар, достар! Сіздерге және отбасыларыңызға амандық тілеймін. Наурыз айында бар даланы Қызыр аралайды деуші еді. Сол Қызыр әр үйге бақ болып, бақыт болып, береке мен байлық болып кірсін.

          Өмірдің тірегі адамгершілік пен мейірім екен.  Көпшіліктің тілегімен біздің басымыздағы бұлт арылып, отбасыма күлкі мен шаттық қайтып оралды. Алланың шапағаты мен  адамдардың мейірімі бізді құтқарды. Мың шүкір айтып, мың алғыс жолдаймын!

 

Нұрлан Сасықбаев,

Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің

бас маманы