Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Ұлыстың ұлы мерекесіне өз нақыштарын қосты.
Департамент қызметкерлері Наурыз мерекесін ұлттық ойындар жарысымен, ұйымдасқан бимен және ән-жыр шашуымен өрнектеді. Қызыр келіп бата берді. Облыстық кеден, салық органдарының ардагерлері мерекеге қонақ болып, игі тілектерін білдірді.
Күмбірлеген күй де осында, тамылжыған ән де осында, тақырыптық флеш моб керек пе – ол да осында. Бұл бір керемет мереке болды. Департамент қызметкерлері сахна төрінен орын алды: Гүлзат Шағырова домбырадан күй төкті, Перизат Мырзаева, Айгүл Лақбаева және Дархан Мыханов әсем ән әуелетіп, қыздар тобы мың бұралып ұлттық би биледі.
Департамент құрылымдары төрт ауыл болып топтасып жарысқа қатысты, бір-біріне жанкүйер де болды. Салық блогының жігіттері «Абай ауылы» болып, кеден блогының қызметкерлері «Жамбыл ауылы» болып, Экономикалық тергеу қызметінің офицерлері «Шоқан ауылы», ал Қызылорда қаласы бойынша басқарманың жігіттері «Ыбырай ауылының» атынан сынға түсті. Арқан тартудың қызығы, кір тасын көтерушілер мен білек күшін сынағандардың бәсекесі қызды. Бір мезет жігіттер асық тізіп, ләңгі теуіп жарысты.
Арқан тартуда «Жамбыл ауылының» палуандары ешкімге дес бермеді. Екінші жүлдені «Абай ауылының», үшінші орынды «Ыбырай ауылының» білекті жігіттері иеленді.
Кір тасын көтерушілерден Ішкі қауіпсіздік басқармасының жетекші маманы Еркін Сматов «үздік» атанды. Қол күрестіргендер қатарынан «Қызылорда-Кедендік ресімдеу орталығы» кеден бекетінің бас маманы Талғат Пржанов басымдық танытты.
Ләңгі тепкен жігіттердің қиқуы да кем болған жоқ, Қызылорда қаласы бойынша басқарманың жігіттері епті де жылдам екен. Ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Төлеу Серікбаев жеңімпаз болса, «Заңды тұлғалардың ақпаратын қабылдау және өңдеу орталығы» бөлімінің басшысы Нұрлыбек Амангелдиев екінші жүлдені иемденді.
Той қонақтары мен қызметкерлер кең дастархан басына Наурыз көжеге жиналды. Жиналған қауымды облыстың мемлекеттік кірістер органдары Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ысқақов Дайрабай Ысқақұлы құттықтады. Департамент басшысы Серік Жолдасбекұлы Мұстафаев Наурыз-тілекті жалғады.
Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлері думанды тойды қайырымдылық шараларына ұластырды. «Наурыз мерейі» акциясы шеңберінде тұрмысы төмен және көп балалы үш отбасына азық-түлік түрлерінен көмек көрсетілді.
Департаменттің кәсіподақ комитеті белсенді қатысушыларды марапаттап, жеңімпаздарға жүлделер мен ардагерлерге Наурыз сыйын үлестірді.
Б.Орданова,
Қызылорда облысы бойынша МКД бас маманы