Date of publication: 04.05.2017 15:48
Date of changing: 04.05.2017 18:17

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қаржы саласының үздігі, ардагер Дайрабай Ысқақовты қабылдап, 70 жасқа толған мерейлі мерекесімен құттықтады.

         Қаржы саласының жұмысы күрделі де жауапты екені белгілі. Өйткені, ол – мемлекеттің, облыстың, қаланың, ауданның бюджетін құрауға, оның сапалы орындалуына тікелей жауап беретін сала. Өздеріңізге белгілі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасының бастамасымен қабылданған «Қазақстан - 2030» стратегиясының негізгі басымдығы ретінде экономикалық өсу міндеті тұрды. 1991 жылы ҚР «Салық жүйесі туралы» заңы қабылданды. Бұл кезең нарықтық экономикаға енді ғана бет бұрған кезең болатын. Яғни, өте күрделі кезең еді. Осы тұста Аймақтың тайқазанын толтыруға жауапты болған, облыстық салық комитетінің тізгінін ұстаған Дайрабай Ысқақұлының еңбегі мен ұйымдастырушылық шеберлігін татап өткен жөн,  - деп аймақ басшысы мерейтой иесіне жылы лебізін білдірді.

         Дайрабай Ысқақов 1970 жылы Қызылорда облысы атқару комитетінің қаржы бөлімінде қазіргі экономистен бастап бөлім басшысына дейін қызмет атқарған. 1977-1988 жылдары Қаржы министрлігінің Қызылорда облысы бойынша бақылау-тексеру басқармасының бас ревизоры, 1988-1991 жылдары Батыс Қазақстан облысы қаржы басқармасының басшысы, 1991-2002 жылдары Қызылорда облысы салық комитетінің төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы салық комитетінің басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы салық комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.

         Қабылдауда облыс әкімі мерейтой иесіне Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын, «Нұр Отан» партиясының «Құрмет» грамотасын және ҚР Қаржы министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісін табыстап, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, Дайрабай Ысқақұлының жұбайы Балтагүл Бәйімбетқызына да құрмет көрсетілді.

         Дайрабай Ысқақұлының замандас әріптестері Мырзахмет Ауанов, Сейітсұлтан Әйімбетов, Қалқазбек Әжібеков өз пікірлерін білдіріп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

         Өз кезегінде, Дайрабай Ысқақұлы мерейлі мерекесін ескерген аймақ басшысына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

                                      Қызылорда облысы бойынша МКД

 Түсіндіру жұмыстары басқармасы