Date of publication: 29.05.2015 16:26
Date of changing: 29.05.2015 16:29

Оңалтуды басқарушыларға кеңес берілді

 

        Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде кезекті семинар-кеңес оңалтуды басқарушылардың қатысуымен өткізілді.

       Департамент басшысының орынбасары М.Қалдарбековтің төрағалығымен өткен кезекті семинар-кеңес «Оңалту рәсімін жүзеге асыру» тақырыбына арналды.

Департаменттің оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Г.Ертанова, «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР Заңымен белгіленген оңалту рәсімін жүзеге асыру тәртібіне және осы Заңға 2014 жылғы 29 желтоқсанда енгізілген өзгертулерге тоқталып өтті. Сонымен қатар, «оңалту рәсімін қолданудағы негізгі шарттарды түсіндірді, яғни басты мақсат – кәсіпорындардың қаржылық-экономикалық жағдайын сауықтыру, атап айтқанда оның төлемқабілеттігін қалпына келтіру мен таратылуын болдырмау», - деді баяндамашы.

        Мұнан соң, оңалтуды басқарушыларға өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару тәртібі түсіндірілді.

        «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-2 бабымен салық төлеушілердің дербес есеп шоттарындағы 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есептелген және 2014 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша төленбеген өсімпұлдар сомасы салық берешегі болып танылмайтынын және бюджетке енгізілуге жатпайтынын, сондай-ақ уәкілетті орган белгілеген тәртіппен есептен шығарылуға жататыны қарастырылғаны  аталып өтті.

         Оңалту рәсімі барысында оңалтуды басқарушы Заң талаптарын бұзған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде қарастырылған әкімшілік шаралар таныстырылды.

         Айтылған мәселелерге қатысты өз пікірлері мен туындаған сұрақтарын семинар-кеңеске қатысушылар мамандармен талқыланып, өз сұрақтарына  толық жауап алды.

         Семинар-кеңесті қорытындылаған Департамент басшысының орынбасары қатысушыларға өз бастамаларында сәттілік тіледі, кез-келген түйінді мәселеде кірістер органдары қызметкерлеріне жүгінуге болатынын жеткізді.