Date of publication: 12.10.2017 09:34
Date of changing: 12.10.2017 09:38

Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті республика бойынша жарияланған «Чек талап ет – жүлде ұтып ал» акциясының қыркүйек айын қорытындылады.

Акция басталғаннан бері қызылордадан конкурсқа 62442  чек  жіберілген. Қыркүйек айында 720 адам қатысқан, жолданған чек саны 9778.

Департаменттің мәжіліс залына белсенді ойыншылар шақырылып, комиссияның қатысуымен бағдарламалық кездейсоқ таңдау әдісімен жеңімпаздар анықталды.

Бірінші жүлде (DVD-караоке) Қызылорда қаласының тұрғыны  Сырбаз Телжанқызы Телжанға бұйырды.

Екінші жүлдеге тігілген сыйлықты (DVD-плейер)   қызылордалық   Азиза Даниярқызы Шонай қанжығасына байлады.

Үшінші ретте бағдарламаның таңдауына  Жалағаш ауданының тұрғыны Бауыржан Батырбекұлы Абдраманов ілікті. Оның жүлдесі 3D көзілдіріктер жинағы.

Бірнеше белсенді ойыншылар Департамент басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Еске сала кетейік, «Чек талап ет – жүлде ұтып ал» акциясы электронды форматта,  көлеңкелі экономикаға қарсы «Wipon» мобилді қосымшасы арқылы өткізіледі.  Бұл қосымшаны ақысыз көшіріп алып, смартфондардың барлық түрлері мен басқа да гаджеттерде пайдалануға болады. Акцияға сатып алған  тауары немесе көрсетілген қызмет үшін берілген фискалды чектің фотосын жіберген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Негізгі мақсат - тұтынушылар белсенділігін және халықтың салықтық мәдениетін көтеру.

 

Б.Орданова,

Қызылорда облысы бойынша

мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы