Date of publication: 22.02.2018 16:49
Date of changing: 23.02.2018 18:03

      «Кәсібің - нәсібің» деген сөз бұрыннан бар.  Қазіргі кездегі нәсіп тауып беріп отырған кәсіптердің қатарында пәтерін жалға беру алдыңғы орындардың бірінде. Алайда, дәл осы кәсіптен нан тауып отырғандардың нақты көлемін білу мүмкін емес. Неге?

        Басты себеп – «салық төлемей-ақ қойсам» деген ой. «Тапқан табысым тек өзіме ғана тиесілі болса. Ешкімге, оның ішінде мемлекетке ештеңе бермесем» деген ниеттен заңсыз кәсіпкерлік  әрекеті туындап отыр.

         Екінші себеп – заңды білмеу. Құқықтық көзқарастың төмендігі.

         Мемлекеттік кірістер органдарының тарапынан жүргізілген жұмыстар нәтижесінде өткен 2017 жылы дәл осы кәсіппен табыс тауып отырған 390 жеке тұлға дара кәсіпкер болып тіркелді. Олардан 1 млн. 722 мың теңге салық өндірілді. Ол үшін пәтер иелері кооперативтерінен деректер жиналды. Сонан соң, облысымыздың аумағында орналасқан әскери қызмет бөлімшелерімен екі жақты келісім арқылы, әскери қызметкерлердің жалға алып тұрып жатқан мекен-жайлары туралы  мәліметтер негізге алынды. Сөйтіп, аула-ауланы аралап, пәтерлердің есігін қағып жүріп әр қожайынмен әңгімелесу жүргізілді.

         Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің деректер қорында, Қызылордада пәтерін жалға беруші тұлғалардың жалпы саны – 945.    Дегенмен бұл қаламызда пәтерлерін жалға беру арқылы табыс тауып отырғандардың нақты көлемін көрсетпейді. «Көлеңкеде», яғни  жасырын түрде табыс тауып отырғандар бұдан әлдеқайда көп екенін соңғы жылдарда қолдануға берілген жаңа үйлерде пәтер жалдап тұратындарға қарап-ақ  шамалауға болады.

         Артық пәтері бар тұлға, табыстың көзі болып отырған осы кәсібін патент негізінде тіркетсе – табысынан  2%  ғана салық төлейді.  Ал тіркелмей-ақ, жеке тұлға мәртебесінде жалға пәтерін берсе – келесі жылдың 31 наурызына дейін осы табысын көрсетіп 240.00 нысанды салық декларациясын тапсырып, табысының 10 пайызы көлемінде салық төлейді. Мемлекеттік қызметшілердің жеке кәсіпкерлікпен шұғылдануға құқы жоқ, алайда пәтерді жалға беруге мүмкіндігі бар. Жыл сайын тапсыратын 230.00 нысанды салық декларациясында табыс көлемін көрсетіп, 10 пайыз салығын төлесе болғаны. Сол арқылы мемлекет бюджетіне өзіндік үлес қосады. Ең бастысы, іздеуден қашпай, тексеруден қорықпай заңды еңбек етіп, табысын еркін жұмсай  алады.

          Жалпы, қоғамның салықтық міндеттілік деген түсінікке жаңа бетбұрыспен қарайтын кезі келді. Алдымызда жалпыға бірдей міндеттелетін табысы мен шығысын декларациялайтын кезең келе жатыр.  Бұл дегеніңіз – ірі болсын, ұсақ болсын тапқан табысыңыздың мөлшері иелігіңіздегі барлық мал-мүлкіңіз бен кірісіңіздің көлеміне сай болуы керек деген сөз.

 

Б.Орданова,

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің

бас маманы