Date of publication: 13.08.2015 18:34
Date of changing: 13.08.2015 18:39

Олардың бір күндік табысы бірден 11 есеге дейін өсті, ал бюджет 4 млн. қосымша салық алды.

        Бұл хронометраждық зерттеуге алынған Қызылорда қаласындағы 25 нысанға қатысты, нақтырақ айтсақ, ресторандар, кафе, брендті сауда дүкендері және букмекерлік кеңселерге жүргізілген  бір айдағы тексеру нәтижелері.

        Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 17 маусымнан бастап республиканың барлық аймақтарында, қолма қол түсімдердің толықтығына салықтық бақылауды күшейту мақсатындағы хронометраждық зерттеулер басталған болатын. Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер» Кодексінің 627 бабы бойынша «Хронометраждық зерттеп тексеру – салық органдары салық төлеушінің зерттеп-тексеру жүргізілетін кезең ішіндегі нақты табысын және табыс алуға байланысты нақты шығындарын анықтау мақсатында жүргізілетін тексеру».

        Сонымен, Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан тексеруге алынған 25 нысан өздерінің 2014 жылғы салық есептіліктерінде бір күндік орташа табысын  378 мың теңге деп көрсеткен. Ал зерттеу барысында олардың бір күндік табысы 4 млн. 140 мың теңгеге жетті. Жекелеген салық төлеушілердің табысы 3-тен 30 есеге дейін өскені тіркелді.

        Кейбір кәсіпкерлердің жалдамалы жұмысшы санын азайтып көрсететіні анықталып отыр, зерттеу барысында олардың саны 47-ге өсіпті.

         Қылмыстық жауапкершілік жүктелетін заңбұзушылық фактісі де бар болып шықты. Лицензиясыз алкоголь өнімдерін сатып келген бір салық төлеуші анықталып, оның 2 млн. 400 мың теңге тұратын 512 шыны алкоголь өнімі  тәркіленді. Оған қатысты Экономикалық тергеу қызметі ҚР Қылмыстық кодексінің 214 бабымен қылмыстық іс қозғады.

         Ал құны 1 млн. 257 мың теңге тұратын 3265 бөтелке алкоголь өнімдері ҚР Үкіметі белгілеген (ҚР Үкіметінің 16.03.2015ж. №143 қаулысы) ең төменгі көтерме бағасынан төмен бағамен сатылғандықтан, айналымнан алынды, материалдар сотқа берілді.

         Хронометраждық зерттеулер жыл аяғына дейін жалғасатын болады.