Date of publication: 04.11.2015 11:23
Date of changing: 04.11.2015 15:35

Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде барлық аудандық басқармалармен және онда шақырылған жергілікті бизнес өкілдерімен селекторлық байланыста мәжіліс өтті. Онда кәсіпкерлердің жаңа, деректерді беру функциясы бар бақылау касса машиналарына қосылу жағдайы талқыланды.

         Департаментттің мемлекеттік қызмет басқармасы қызметкерлерімен бірге, селекторлық байланыс арқылы, әрбір ауданда келіп отырған бизнес  өкілдеріне «Қазақтелеком» АҚ заңды тұлғаларға қызмет көрсету орталығының басшысы Мир Нұрмаханов және «Торговые технологии» ЖШС директоры Левин Сергей Викторович кеңес берді.

          Деректерді беру операторы «Қазақтелеком» АҚ өкілі жаңа және жаңғыртудан өткен касса аппараттарының жұмыс жүйесімен және операторға қосылу тәртібімен таныстырды. Өз кезегінде, бүгінгі күнге облыстағы жаңа кассалық аппараттарды сатушы жалғыз тұлға - «Торговые технологии» ЖШС директоры сұрақтарға жауап берді. Себебі, көпшілікті бұрынғы қолданыстағы касса аппараттарын қайта жаңғырту мәселесі қызықтырды. Левиннің сатуында жаңа талапқа сай жалғыз «ПОРТ» модельді касса машинасы ғана бар. Ал жаңғыртуға келсек, алдымен қолданыстағы касса аппараттарының ішін қайта жаңалауға тура келеді, сонан соң жаңа модель болып саналатын аппаратты мемлекеттік кіріс органдарынан қайта тіркеуден өткізіп, фискалды деректер порталына қосу қажет.

           Қазіргі кезде біздің өңірімізде жаңа талапқа сай бақылау касса машиналарына қосылу белсенді жүргізіліп жатыр.  

            Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап бензин (авиациялықты қоспағанда), дизель отыны және алкоголь өнімдерін бөлшек және көтерме саудада  сатуды жүзеге асыратын салық төлеушілерге деректерді беру функциясы бар бақылау касса машиналарын қолдануды  міндеттейтін норма күшіне енген болатын (Салық кодексінің 645 бабы 1 тармағы).