
Тұтынушылар арасында салық мәдениетін көтеруді мақсат тұтқан «Чек талап ет – жүлде ұтып ал» акциясы өз мәресіне жетті.
Қазақстан Республикасы аумағында 2015 жылдың 1 сәуірі мен 30 қарашасы аралығында өткізілген жалпы республикалық іс-шараның бастамашысы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті болатын.
Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жанынан құрылған тұрақты комиссия 8 ай бойы азаматтардың өз құқығын талап етудегі белсенділігін арттырудың қарқынын таразылады.
Комиссияның соңғы мәжілісінде хабарланғандай, 2015 жылдың 1 желтоқсанына облыс бойынша сауда нүктелері мен қызмет көрсету орындарындағы бақылау-касса машиналарының чектеріне айырбасталған купон саны 51 мыңнан асқан. Акция жарияланған сәуір айында 1512 купон жиналса, акцияның соңғы айы – қарашада чекке айырбасталған купондар саны 7892-ні құраған, бұл ай сайынғы ұтыстан ниетті жандардың саны өскенін көрсетеді. Әсіресе, Жаңақорған ауданы мен Қызылорда қаласының тұтынушылары жоғары белсенділік танытқан.
Акцияның бірінші кезеңі аудандарда өтті. Аудандық басқармалар жанындағы комиссиялар әр ай сайын ұтыс өткізіп, жеңіпмпазды облысқа жолдап отырды. Ал облыстық департаменттің комиссиясы (екінші кезең) осымен сегізінші рет ай сайынғы ұтыс жеңімпазын анықтап отыр.
Міне, олар – әр айдың жеңімпаздары:
Сәуір айында Арал ауданының мектеп оқушысы Кемалов Данияр Тәңірбергенұлы жеңіп, сыйлыққа теледидар алды.
Мамыр айында жеңіске Қазалы ауданының мектеп оқушысы Нұрбек Ленара Нұрбекқызы жетті, сыйлығы – ноутбук.
Маусым айында Жалағаш поселкесінің тұрғыны Нурмаханова Гулмира Халыбековна жеңімпаз болды, сыйлығы – теледидар.
Шілде айындағы ұтыс ойынының жүлдесі – ұялы телефон Жалағаш ауданының мектеп оқушысы Аманжол Ғабит Нұрлыбекұлына бұйырды.
Тамыз айында Сырдария ауданының тұрғыны Нұрмаханова Жадыра Кулдарбековна жүлдеге теледидар алды.
Қыркүйек айындағы акцияда Қазалы ауданының тұрғыны Дузбаева Айгуль Шарападиновна жеңіп, шаңсорғышқа ие болған-ды.
Қазан айының ойынында Қармақшы ауданы Төретам кентінің тұрғыны Бакитжанова Кумисгуль Абдуалиевна теледидар ұтып алды.
Желтоқсанның басында өткізілген қараша айының ойынында Арал ауданы, Арал қаласының тұрғыны Қапанов Сержан Беренбайұлы акцияның нүктесін қойып, соңғы теледидарды қанжығасына байлады.
Акция ережесіне сәйкес, үшінші кезеңге Қызылордадан осы сегіз жеңімпаз да қатысатын болады. Республикалық ұтыс желтоқсан айының соңына дейін өткізілуі тиіс, жеңімпаз купондарды кездейсоқ ойнату жолымен жариялы түрде анықталатын болады.
Б.Орданова
Қызылорда облысы бойынша
мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы