Қызылорда облысы бойынша МКД
Экономикалық тергеу қызметі саласындағы басым бағыттар
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ғани Сейтжанұлы БАҚ өкілдеріне арнап, облыстық коммуникациялар орталығында брифинг берді. Ақпарат құралдарына 2015 жыл қорытындысымен негізгі көрсеткіштерді жария етті.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде жаңадан Мемлекеттік кірістер комитеті құрылып, оның құрамында құқық қорғау құзыреті бар Экономикалық тергеу қызметінің пайда болуы еліміздегі құқыққорғау жүйесін жаңғыртудың бір кезеңі болып саналады.
Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі 2015 жылы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қорғауға елеулі үлес қосты.
Атап айтсақ, өтке жылы жалпы 326 қылмыстық құқық бұзушылықтар анықталып, 295 қылмыстық іс аяқталды. 106 қылмыстық іс сотқа жолданды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде мемлекетке келтірілген залалдың 4,7 млрд.теңгесі өтеліп, тыйым салынған 56 млн.теңгелік мүлік мемлекет пайдасына өтті. 19 млн.теңгені құрайтын тауарлар мемлекет пайдасына тәркіленді.
Алға қойылған міндеттерге сәйкес, Экономикалық тергеу қызметі «көлеңкелі» экономика саласындағы қылмысты төмендетуге, келтірілген залалды өндіріп, бюджеттік түсімдерді көтеруге баса назар аударды. Өткен жылы «көлеңкелі» экономика саласында (жалған кәсіпкерлік, алкоголь және контрафактілі өнімдердің, мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, жалған ақша жасау, заңсыз ойын бизнесі, банкроттық) барлығы 181 қылмыс анықталды.
Еліміздің экономикасына орасан үлкен зиян келтіруші жалған кәсіпкерлік саласы арқылы ақша ағымы заңсыз айналымға өтетіні белгілі. Сол үшін салық бағытындағы бірнеше құрылымдармен бірлескен, тиімді қарым-қатынас нәтижесінде 64 қылмыс әшкереленіп, тең жартысы (32) аяқталды.
Жалған кәсіпорындардың айналымдағы қаржысы 30 млрд.теңгені құрап, келтірген залалы 7,4 млрд.теңге болды. Соттың үкімімен 24 адам 2 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылып, оларға 16 млн.теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, жалған шот-фактураларды сату кезінде 2 тұлға қолма-қол ұсталып, сотталды.
Одан бөлек, 4302 мыңға жуық алкоголь өнімдері заңсыз айналымнан алынып, 6,5 млн.теңгені құрайтын 27 мың шөлмек соттың шешімімен тәркіленді.
Мұнай мен оның өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 8 қылмыс анықталып, олардың 4-уі сотқа жолданды. 12,4 млн.теңгені құрайтын 170 тонна шикі мұнай заңсыз айналымнан алынды. Сондай-ақ, 34,8 млн.теңге сомасындағы мүлік мемлекет пайдасына өтті.
Салықтардан жалтаруға қатысты қылмыстар бойынша 4,5 млрд.теңге залал бюджетке қайтарылды.
Біздің өскелең ұрпағымыздың дерті болып табылатын құмар ойынды ұйымдастырудың 32 дерегі анықталып, оның 26-сы бойынша айыпталушылар сотталды. Сондай-ақ, 218 компьютер, 47 лотереялық терминал және де ойнатудан түскен 963 мыңға теңге ақша қаражаты заңсыз айналымнан алынды.
Бюджеттік қаржыны жымқыру, ысырап ету және мақсатсыз пайдалануға байланысты қылмыстық істердің 51-і аяқталды. 24,4 млн.теңгеден астам залал мемлекетке өтеліп, 21 млн.теңгені құрайтын мүлік сот үкімімен мемлекет пайдасына өтті.
Соның ішінде Ұлттық қордан бөлінген қаржыны мақсатсыз жұмсаудың 2 фактісі анықталып, 75 млн.теңге залал өндірілді.
Бұдан басқа, Экономикалық тергеу қызметіне жүктелген міндеттердің бірі – бұл экстремизм мен терроризмді қаржыландыру көздерін, тәсілдері мен жолдарын анықтау және алдын алу болып табылады. Бұл бағытта да жұмыстар жасалуда. Атап айтсақ, 150 млн.теңгені құрайтын жалған шот-фактураларды жазып беріп, оның ақысы үшін 1 млн.теңгені алып жатқан сәтінде «И.» есімді азаматша ұсталды. Аталған азаматшаның «салафизм» діни ағымының ұстанушысы екені анықталды.
Наркобизнеске қарсы күрес саласы да шет қалып отырған жоқ. Өткен жылы жалпы салмағы 674,23 граммды құрайтын «марихуананы» тасымалдаудың 2 дерегі жәнен 1,5 килограмм «гашишті» тасымалдаудың 1 дерегі анықталып, тергеу реттілігімен ішкі істер органдарына жолданды.
Н.Әлкебайұлы
Профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының басшысы