Date of publication: 21.09.2021 13:05
Date of changing: 21.09.2021 13:05

Уақытша қаржылық қиындықтарға байланысты бюджет алдындағы берешегін өтей алмаған заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңына сәйкес оңалту рәсімін қолдану арқылы өзінің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігін ала алады.

Оңалту рәсiмiн қолдану үшін борышкер оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшпен сотқа жүгінуі қажет.

Борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшiне:

  • төленген мемлекеттiк баждың түбіртегі;

- Заңның 5-1-бабының 1-тармағына сәйкес салық берешегінің төрт айдан астам уақыт төленбегенін растайтын ақпарат;

- борышкер мүлкінің меншік иесінің, құрылтайшысының шешімі;

- өтініш берілген күнге және өтініш берілген жылдың басындағы, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайда, өтініш берілген жылдың алдындағы жылдың басындағы қаржылық есептілік, тиісті берешектің сомалары мен түзілген күні көрсетіле отырып, барлық кредитор мен дебитордың тізбесі (жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі, тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және (немесе) толық атауы, заңды мекенжайы);

- құрылтайшылық құжаттарының көшiрмелерi;

- борышкер мен әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлға арасында жасалған, уақытша әкімшінің өкілеттіктерін жүзеге асыру туралы келісімнің көшірмесі;

- борышкердiң өтiнiшi негiзделетiн өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса берiледi.

Оңалту жоспары борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру шаралары мен кредиторлардың талаптарын өтеу кестесі көрсетіле отырып, кредиторлармен бірлесіп дайындалады. Оңалту жоспарының жүзеге асырылу мерзімі бес жыл.

Оңалту рәсімінің артықшылығы:

Оңалту туралы iс бойынша iс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап борышкер берешегінің барлық түрі бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды, айыппұлдарды) есепке жазу тоқтатыла тұрады және кредиторлардың, мемлекеттік кіріс органы мен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыратын өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органның талаптары, оның iшiнде даусыз (акцептісiз) тәртiппен қанағаттандырылуға жататын талаптары бойынша борышкердiң банктік шоттарынан ақша өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкердiң мүлкiне өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейдi.

Соттың оңалту рәсімін қолдану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап, алынған қарыздар және шығарылған облигациялар бойынша сыйақыларды есепке жазу, төлеу мерзімі оңалту рәсімін қолданғаннан кейін басталған, моральдық зиянның орнын толтыру туралы талаптарды есепке алмағанда, өмiріне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауапты болатын азаматтарға төленетін төлемдердi қоспағанда, өз мүлкіне қатысты қабылданған соттардың шешімдерін, төрелік шешімдерді, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ борышкер – дара кәсіпкердің, борышкер – заңды тұлға мүлкі меншік иесінің (ол уәкілеттік берген органның), құрылтайшыларының (қатысушыларының) шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес қолданылған оңалту рәсімі арқылы борышкер өзінің таратылуын болғызбай, төлем қабілеттілігін қалпына келтіре алады.