Жарияланған күні: 18.03.2016 11:19
Өзгертілген күні: 18.03.2016 11:39

Үстіміздегі жылдың 16 наурызында Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде «Оңалту және банкроттық туралы»  Қазақстан Республикасы Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша семинар өткізілді

 

Семинарға салық төлеушілер, оңалту және банкроттық рәсімдерінде өз қызметтерін жүзеге асыратын әкімшілер, қала және аудандар бойынша мемлекеттік кірістер басқармаларының қызметкерлері қатысты.

Семинарды Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің борыштармен жұмыс басқармасының басшысы Ақжігіт Базархан Төреқұлұлы ашты. Базархан Төреқұлұлы «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан туындайтын бес институционалды реформаларын жүзеге асыруға және оңалту мен банкроттық рәсімдерін жетілдіруге бағытталғанын, осыған сәйкес, 2015 жылы 13 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына Елбасы қол қойғанын атап өтті (заңды күшіне 2015 жылдың 1 желтоқсанында енді).

Заңға енген өзгерістер мен толықтырулар бизнесті, жұмыс орындарын, салық төленетін базаны мүмкіндігінше сақтап қалуға, оңалту және бонкроттық рәсімдерін өткізу мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.

Мысалы, бизнесті сақтап қалуға бағытталған өзгерістердің бірі - банкрот деп тануға дейін және оңалту рәсімін қолданғанға дейін төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімінің енгізілуі.

Бұл «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңына жаңа «Төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімі»-атты 2-1-тарауымен толықтырылып, борышкер мен кредитор арасында төлем қабілетсіздікті реттеу туралы келісім жасасу негізінде төлем қабілетсіздікті реттеу механизмін қолдану шарттары мен тәртібі қарастырылған.

Төлем қабілетсіздігі белгілері орын алған жағдайда борышкер өзін банкрот деп жарияламай, төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы сотқа жүгінуге құқылы.

Келісім 3 жылға дейінгі мерзімге жасалынады.

Егер, берешекті өтеу тәртібі бойынша кредиторлармен келісімге келмеген немесе сот тарапынан келісімді бекітуден бас тартылған жағдайда, борышкер бір жыл ішінде рәсімді қайта қолдана алмайды, ал кредиторлар үшін борышкерді банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге құқық туындайды.

Рәсім, басқарушының қатысуысыз жүргізіледі.

Сонымен қатар, соттың банкрот деп тану туралы шешімінің орындалуын қысқартып, банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне немесе қалыпты жұмысына оралу мүмкіндігі қарастырылған.

Осыған сәйкес, «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының «Банкроттық рәсімі» - атты 6-тарау, банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне көшу тәртібін қарастыратын жаңа 95-1-бабымен толықтырылды.

Осыған орай «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының  банкроттықты басқарушының құзіретін белгілейтін 89-бабы борышкермен ұсынылып кредиторлар жиналысымен мақұлданатын оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы қорытынды жасау міндетімен толықтырылған.

Тағы бір өзгеріс – банкроттық рәсімінің кез-келген сатысында бітімгершілік келісімін бекіту және кәсіпорында жаңа меншік иесіне сату мүмкіндігі қарастырылған.

«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жаңа «Бітімгершілік келісім» - атты жаңа 6-1-тараумен толықтырылды.

Банкроттық рәсімінің аясында бекітілетін бітімгершілік келісімнің (Заңның 112-5 б.) борышкерлер мен кредиторлар арасында бекітілетін төлеу мерзімін кейінге қалдыру, бөліп төлеу, жаңалау, қарызды кешіру, қарыздан жеңілдік жасау тәрізді азаматтық-құқықтық келісім-шарттардан бірқатар ерекшеліктері бар.

Банкроттық рәсімін жүргізудің кез келген сатысында борышкер мен кредитор бітімгершілік келісімін жасауға құқылы. Бітімгершілік келісімге қол қоюға банкроттықты басқарушы да қатысады.

Бітімгершілшік келісімді бекіткенге дейін бірінші кезектегі кредиторлар талаптары толық көлемде өтелуі міндетті шарт болып табылады.

Оны сот бекіткен сәттен бастап банкроттық рәсімі тоқтатылады.

Егер бітімгершілік келісім жасасу кезінде кредиторлардың бірі болып мемлекеттік орган қатысқан жағдайда (мысалы мемлекеттік кірістер органы), онда бітімгершілік келісім мұндай мемлекеттік органның алдында бітімгершілік келісім бекітілген күннен бастап бір жылдан аспайтын мерзімге берешектерді өтеуді кейінге қалдыру шартында жасалуы мүмкін.

Салықтық және кедендік төлемдер мен салықтар бойынша берешектер осы баптың бірінші бөлігіндегі талаптар сақталған шартымен банкроттың және (немесе) үшінші тұлғаның мүлкін кепілге қою, және (немесе) банк кепілдігімен өтеледі.

Кепілге қойылатын мүлік өтімді, жоғалудан немесе бүлінуден сақтандырылған болуы тиіс және оның нарықтық құны салықтық берешек сомасынан, сондай-ақ бюджетке төленуге жататын кедендік төлемдер мен салықтардан кем болмауы тиіс.

Кредиторлар тарапынан бітімгершілік келісімді жасасу туралы шешім кредиторлар жиналысында қабылданады. Бітімгершілік келісімді сот бекітеді. Осында сот бітімгершілік келісімді тек бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары бойынша қарыздар өтелгеннен кейін ғана бекіте алатынын атап өту қажет.

«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен белгіленген банкроттың мүлкін сату тәсілдері кәсіпорынды сатумен толықтырылған. банкроттың кәсіпорыны ретінде кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын ғимараттар, құрылысжайлар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикiзат, өнiмдер, жер учаскесiне құқық, борышктар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтар (фирмалық атау, тауар белгiлерi) және басқа да айрықша құқықтарды қоса алғанда, мүліктің барлық түрлерін қамтитын мүліктік кешен деп түсініледі.

Осы «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңы бойынша толық мағлұмат алу үшін 30-45-90 телефоны арқылы хабарласуға болатындығын хабардар етемін.

Семинар соңында Басқарма басшысы Ақжігіт Базархан Төреқұлұлы «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңына енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге қатысты салық төлеушілер мен әкімшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.