Жарияланған күні: 20.12.2016 18:36
Өзгертілген күні: 20.12.2016 18:39

Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға сала ардагерлері мен қонақтар шақырылды. Департамент басшысы Серік Жолдасбекұлы Мұстафаев  кіріспе сөзінде тәуелсіздіктің маңызы мен салмағына, тәуелсіздік жылдарындағы ірі табыстарға тоқталды.

Мұнан соң бөлім басшысы Айдар Әбутәліпов «Тәуелсіздік - берік тұғырымыз» тақырыбында баяндама жасады. Бұл күн еңбек пен ерлік еленген, қызметкерлерге мерекелік марапаттар жауған күн болды. Департамент басшысы алғашқы марапаттарды сала ардагерлерінің кеудесіне тақты. Облыстық қаржы, салық салаларына зор еңбек сіңірген Дайрабай Ысқақовқа, полиция және қаржы полициясы органдарында құқықтық қоғамға елеулі қызмет еткен Жаңабай Бекішевке «Мемлекеттік кірістер комитетінің мерекелік кеуде белгісі» тапсырылып, құрмет көрсетілді.

«ҚР  Тәуелсіздігіне  25 жыл» мерекелік медалімен Департаменттің  басшы лауазымды тұлғалары және үздік қызметкерлер марапатталды. Мұнан соң Қаржы министрінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғысы, Мемлекеттік кірістер комитетінің Құрмет грамотасы мен Алғысы, Экономикалық тергеу қызметінің офицерлеріне кезектен тыс біліктілік сыныбы тапсырылды. 

Қызметкерлердің өз күшімен концерт қойылды. Әріптестердің  орындауындағы әндер мен өлеңдер желтоқсан құрбандарын еске алып, тәуелсіздіктің тақырыбына  ерекше әр берді, және қатысушыларға патриоттық рух сыйлады.

 

Б.Орданова,

Түсіндіру жұмыстары басқармасының бас маманы