Оңалту рәсімі – бизнесті жандандырудың бірден-бір көзі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 мамырдағы № 307 Қаулысымен 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспары бекітілген.
Кешенді жоспардың 77-тармағымен ««Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қиындыққа ұшыраған кәсіпорындарды қолдау үшін оңалту рәсімін белсенді жылжыту» шарасы көзделген.
Осыған орай, қарызы төрт ай мерзімнен асқан, төлем қабілетсіздігі уақытша болған кез-келген салық төлеушіге, яғни заңды тұлға және жеке кәсіпкерге сотпен бес жыл мерзімге дейін оңалту рәсімі беріледі. Бұл дегеніміз қордаланған қарызын бес жыл мерзімге бөліп төлеуге мүмкіндік алу.
Оңалту рәсімін қолдану үшін салық төлеуші қай уақытта салық төлеуші ретінде тіркелгендігін, қарызы қай уақыттан, не себепті пайда болғандығы, ол қарызды бес жыл мерзім ішінде төлеу көзі, қандай жұмыс ауқымының бар екендігі, алдын-ала отырған келісім шарттарын тіркей отырып, жазбаша түрде оңалту рәсімін қолдану туралы арызында көрсету қажет. Сонымен қатар, 5 АЕК (13 890 теңге) көлемінде мемлекеттік баж төленіп, түбіртегі арызға қоса тіркеледі. Арыз екі ай мерзім ішінде сотпен қаралып, шешім шығарылады.
Оңалту рәсімін қолданған салық төлеушілерге мемлекеттік сатып алуға және сыртқы экономикалық қызметке қатысуға ешқандай кедергі келтірмейді.
Осы оңалту рәсімін енгізу жөнінде сот шешімі шыққаннан кейін Заңның 68 бабына сәйкес келесі мәселелер қарастырылған:
1) сотпен 3 ай мерзімге тағайындалған уақытша әкімшінің келісімінсіз мүліктерді сатуға тиым салынады;
2) кредиторлық қарыздың барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбы (өсімпұлдар, айыппұлдар), сондай-ақ алынған кредиттер бойынша сыйақыларды есепке жазу тоқтатылады;
3) қарызды өндіру бойынша мемлекеттік кіріс органдарымен және сот шешімімен қарызды өндіру бойынша сот орындаушымен мүлікке қойылған шектеулер және сату бойынша шешімдердің орындалуы тоқтатыла тұрады;
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде 2019 жылы 39 борышкерге қатысты оңалту рәсімі жүргізілді. Оның ішінде 2 борышкер кредиторлық қарызын бес жыл мерзімде толығымен төлеп (барлығы 105,0 млн.теңге), оңалту рәсімінің мақсатына жетіп, өз кәсібін әрі қарай жандандырды және де осы 2020 жылдың І-жартыжылдығында барлығы үш борышкерге қатысты оңалту рәсімін аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Оңалту және банкроттық туралы» ҚР Заңның 95-1 бабында банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне өту мүмкіндіктері қарастырылған, мысалы борышкерге қатысты оңалту рәсiмi қолданылмаған, ал банкроттық рәсімі барысында мүліктің меншік иесі немесе құрылтайшы (қатысушы) осы Заңның 73-бабы 1, 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін оңалту жоспарын әзірлеген жағдайда мүліктің меншік иесі немесе құрылтайшы (қатысушы) немесе ол уәкілеттік берген адам банкроттықты басқарушыға әзірлеген оңалту жоспарын және банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне өту мүмкіндігін қарау үшін кредиторлар жиналысын өткізу туралы өтiнiшхатпен жүгінуге құқылы. Бүгінгі күнде осы норма жүзеге асып, банкрот рәсіміндегі екі борышкер оңалту рәсіміне өтіп отыр.
Осыған орай, оңалту рәсімін қолдануға қатысты толық әрі тиісті ақпаратты Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінен немесе мемлекеттік кірістер органдарының аумақтық (қала, аудандар) басқармаларынан ала аласыздар.
Қызылорда облысы бойынша МКД