
Оңалту және банкроттық мәселелері: жаңа мүмкіндіктер
Банкрот деп танылған кәсіпорынды сақтап қалуға болады. Мұның балама тәсілдерін 2015 жылдың 1 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ұсынып отыр.
Бұл дегеніңіз - банкроттықтың кез келген сатысында оңалту рәсімін қолдану және борышкер мен кредитор арасында бітімгершілік келісімін жасасу, сондай-ақ, банкрот-кәсіпорынды сату және меншік иесін ауыстыру мүмкіндігі.
Оңылту және банкроттықты реттеудің жаңа тетіктерін бизнес өкілдеріне түсіндіруге арналған республикалық ведомствоаралық көшпелі жұмысшы тобы өкілдерінің қатысуымен облысымызда семинар болып өтті.
Банкроттықтың алдын алу мақсатында әрекеттегі өндірісті сақтап қалудың жаңа тәсілдерін республикада құрылған ведомствоаралық көшпелі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы Сисембаева Меруерт Қабдырашитқызы түсіндірді.
Сонымен қатар, заңмен қарастырылған оңалту және банкроттық рәсімдерін өткізудің ұзақтығы мәселесін шешу үшін істердің соттылығын белгілеу, сот актілерін апелляциялық сатыда шағымдануды шектеу, борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімін дереу орындауға жатқызу мәселелерін өңірлік комиссия мүшесі, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы – Әбілқайысқызы Айнұр баяндап берді.
Жоғарыда аталған шаралар, әрекеттегі өндірісті, жұмыс орындарын барынша сақтап қалу, сондай-ақ, оңалту және банкроттық рәсімдерін өткізу мерзімдерін қысқартуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа тетіктердің артықшылығы және өзінің бизнесін сақтап қалу мүмкіндіктері туралы кәсіпкерлердің сұрақтарына бірнеше ведомство мамандары жауап берді.
Гүлмира Ертанова
Қызылорда облысы бойынша МКД
бөлім басшысы