Жарияланған күні: 13.06.2017 16:59
Өзгертілген күні: 13.06.2017 17:00

Жаңа заң жобасы: Қордаланған қарыздар мәселесін шешу ұсынылады

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлемқабылеттілігін қалпына келтіру туралы» және «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлемқабылеттілігін қалпына келтіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» жаңа заң жобасының тұсаукесері жасалды. Қолға алынған мәселе – азаматтардың төлем қыбылеттілігін қалпына келтіру туралы.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде жаңа Заң жобалары бойынша жариялы тыңдалым өткізілді. Талқылау барысында айтылғандай, бұл заң жобалары ҚР азаматтарының төлемге қабылетсіздігін реттеу мәселелерін шешуге бағытталған. Бұл мәселенің қолға алынуы  банк несиелері, басқа да ақшалай міндеттемелер бойынша халық арасындағы  өткір мәселенің бірі – азаматтардың қарыздарының қордаланып қалуын реттеу қажеттілігі болып отыр.

Заңның негізгі мақсаттары мен тетіктері түсіндірілді: «ҚР Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың, яғни  азаматтардың төлемқабылеттілігін қалпына келтіру бойынша заң жобасын жасады. Бұл жоба, ең алдымен, бүгінгі күнге несиелері бойынша өте күрделі жағдайда қалған жеке тұлғаларды қолдауға бағытталған. Бұл қарыздар жеке сипатты болуы мүмкін: банк несиелері, коммуналдық  төлемдер, салықтан қарыздар, үшінші тұлғалар алдындағы қарыздар болуы мүмкін».

Жеке тұлғаның барлық борыштарынан бір мезгілде құтылу мүмкіндігі болмаған жағдайда, бұл заң  екі амал ұсынады. Біріншісі – төлемқабылетін қалпына келтірудің соттан тыс амалы, екіншісі – сот процедурасы. «Соттан тыс амал борышкердің өз кредиторларымен әлдебір жоспар жасауын көздейді. Заң жобасы бойынша бұл жоспар 5 жыл мерзімге жасалады. Яғни борышкер өз жағдайына және өзінің нақты табысына қарай қарызын өтеудің өз шартын ұсынады. Кредиторлар, өз кезегінде,  борышкердің белгілі бір уақытта қарызымен есептесе алатынын ескеріп, қарыздың белгілі бір бөлігін немесе айыппұл мөлшерін, өсімпұлын кешіріп, сыйақы ставкасын қайта қарауы мүмкін».

Егер де борышкер осы жоспарға сәйкес кредиторларымен толықтау есептессе, төлемқабылетін қалпына келтіру амалы толығымен жүзеге асты деген сөз. Егер жеке тұлғаның табысы кредиторларымен есеп айырысуға жетпейтін болса, қарызын өз мүлкі есебінен жабу ұсынысымен сотқа жүгінеді. Мұндай жағдайда борышкердің мүлкі кредиторлардың талабын орындау үшін сатылатын болады.

«Мұндайда жеке тұлғаның жалғыз баспанасы туралы мәселе туындайды. Қазіргі кезде Ұлттық банк осындай қарыздары бар жеке тұлғалар бойынша статистика дайындауда. Бұл сұрақ жалпыға бірдей талқылауға ұсынылатын болады».

Тағы бір хабарланған мәселе – қаржы әкімшісінің қызметінің шығындары жеке тұлғаның есебінен болады. Әкімшінің сыйақы сомасы құзыретті органмен бекітіледі, көлемі қазіргі қолданыстағы банкроттық басқарушылар үшін белгіленген сомамен бірдей болады деп күтілуде (15 тен 25-ке дейін АЕК).қаржылық әкімшінің талаптары мүліктің сатылуы есебінен қанағаттандырылады.

Аталған заң жобасы ү.ж. қараша айында Үкіметтің қарауына ұсынылады деп жоспарлануда. Бұл заң жалпыға бірдей декларациялаумен қатар қолданысқа енгізілуі тиіс.

Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті хабарлайды: қазіргі кезде республика аумақтарында осы заң жобасын түсіндіру бойынша көшпелі семинарлар өтуде. Қызылорда қаласында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері 21 маусымда кездесу өткізетін болады. Қызығушылық танытқан барлық  жеке тұлғаларды  департаменттің Абай даңғылы, 64 «Г» мекен жайындағы мәжіліс залында өтетін семинарға шақырамыз.  Басталуы сағат 10.00-де.

 

А.Айдыханов,

Қызылорда облысы бойынша

 мемлекеттік кірістер департаментінің

 басқарма басшысы