Жарияланған күні: 08.02.2016 18:06
Өзгертілген күні: 08.02.2016 18:06

           Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы салық салу жүйесін реттеуге бағытталған бірқатар заңдарға 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды салық төлеушілерге жеткізу бойынша кеңейтілген семинар-кеңес өткізді. Мемлекеттік кірістер басқармасы аудан көлемінде салық төлеушілерге салық заңнамасындағы жаңа талаптар туралы ақпарат беруге  құзыретті мемлекеттік орган болып табылады. Салық мәдениетінің жоғары болуы, салық саясатын кең көлемде жүргізу салық заңдылықтарының бұзылуына жол бермейді. Осыған орай, Қазалы аудандық оқушылар үйінде өткізілген семинар-кеңеске алдын ала хабарландырулар арқылы салық төлеушілер кеңінен тартылды. 205 қатысушыны қамтыған бұл кездесуге, сонымен қатар, жергілікті БАҚ өкілдері шақырылды.         

       Семинар кеңесті аудан әкімінің орынбасары Б.Жарылқап жүргізіп отырды. Модератор, қатысушыларға, елімізде болып жатқан саяси экономикалық реформалардың негізгі бағыттары, ел экономикасының тірегі болуға тиісті отандық бизнестің дамуы үшін жасалып отырған қолайлы жағдайлар жүйесін,  уақыт ағымымен үндесе енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып отырды. Семинар бағдарламасына сәйкес:

1. Басқарма басшысының орынбасары Ж.Боранқұлов «ҚҚС бойынша 2016, 2017 жылдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар» туралы баяндама жасады.

2. «Салық төлеушілердің бөлек санаттарының салық салу тәртібі және арнаулы салық режимдерін қолдану бөлігіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға» және «Бақылау-кассалық машиналардың қолданылуына енгізілген өзгерістерге» бөлім басшысы Ж.Ерқосаев түсіндірме жасады.

3. «Өндірістік емес төлемдерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар. Бірыңғай жер салығы мен ауыл шаруышылығы өнімін өндіруші заңды тұлғалар бойынша өзгерістер мен  толықтыруларға»  бас маман О.Махамбет тоқталды.

4. «Жеке табыс салығы бойынша өзгерістер туралы» бас маман Б.Күнісбаев түсіндірді.

5. «Салықтарды, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есепке жатқызу мен қайтарудағы өзгерістер бойынша»  бөлім басшысы Н.Ержановтың баяндамасы тыңдалды.

 Баяндамалармен қоса, семинар барысында, мемлекеттік кірістер органдарымен қатар салық төлеушілердің де белсенділігі мен мүдделілігі маңызды екендігі жиі айтылды. Мамандардың кестелер мен инфографикалар арқылы қолданбалы түрде көрсетуі тиімді шықты.

  Елбасымыздың саясатын іске асыру мақсатында экономикамыздың негізгі тірегі болып табылатын  шағын және орта бизнесті қолдау одан әрі дамыту үшін оларға салық салуға байланысты ауыртпашылықты  жеңілдету, әкімшілік құқық бұзушылық болған жағдайда алғаш рет ескерту шараларының енгізілуі, электронды бағдарламалардың тиімділігі- бұл кезектілікті болдырмау, салық органдарына келмей-ақ есептіліктерін тапсыруы, жемқорлықтың алдын алу мақсатында салық төлеушілермен тікелей қарым-қатынасты болдырмау шаралары, еліміздің  дамуының алғышарттарының бірі болып табылады.

 Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ф.Қожабергенов мемлекеттік бюджетке салықтың дұрыс әрі толық түсуі көлеңкелі бизнеске жол бермейтінін, және  бұл баршаға ортақ мүдде екендігін баса айтты. Мемлекеттік кірістер органдарының осы міндеттердің уақытылы орындалуын талап етуге, және уақытылы орындалмаған жағдайда, салық кодексінде көзделген  тәртіппен, оларды қамтамасыз ету жөніндегі тәсілдерді, мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқығы туралы ескертті.

 Сонымен қатар, спикерлер залдан көтерілген барлық сұрақтарға жауап берді. Басқарма басшысы, алдағы уақытта осындай кездесулер салық төлеушілердің санаттары бойынша өткізілетіндігін хабарлады. Басқармада, басқарма қызметкерлерінің және  салық төлеушілер тарапынан болып жатқан заң бұзушылықтарды болдырмау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу  үшін орнатылған   «Арыз-шағым» жәшігін,  2-24-82 номерлі «сенім телефонын» еске салды. Барлық кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды азаматтық позиция ұстанып, келеңсіздіктерді болдырмауға  атсалысуға шақырды.

 Модератор – аудан әкімінің орынбасары А.Жарылқап семинар-кеңесті қорытындылай келе, қатысушылардың белсенділігіне ризашылық білдірді, «заң талабы – бәрімізге ортақ» деп тұжырым жасады.

 

 

Қазалы ауданы бойынша

Мемлекеттік кірістер  басқармасы