Жарияланған күні: 04.05.2017 13:11
Өзгертілген күні: 04.05.2017 13:13

 

Аса құрметті Дайрабай Ысқақұлы!

          Өзіңіз қалыптасу тарихы  мен табысты қызметіне  ұзақ жылғы тәжірибеңізді арнаған Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, Сізді, 70 жасқа толған мерейлі мерекеңізбен құттықтайды.

1970 жылдан басталған Сіздің еңбек жолыңыз сыр өңірінің  ғана емес, республиканың бас салық инспекциясында, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының қаржы, салық органдарында жемісті ізін қалдырған. Тәуелсіз мемлекеттің іргесі қалана бастаған қиын-қыстау уақытта салық саласының бүгінін ғана емес, болашағын ойлап жасаған ерен еңбектеріңіз, барлық деңгейдегі басқармалардың материалды-техникалық қуатын жасақтауға жұмсаған қажырыңыз санамызда әлі де жаңғырып тұр.Жан аямай жасаған еңбегіңіздің  жемісі  адамдардың құрметімен қатар Сіздің қызмет жолыңызды мемлекеттік марапаттармен айшықтады. Сіздің келбетіңізді танытатын ерекше іскерлік пен ұйымдастырушылық шеберлік әр кезеңнің өз білікті басшылары мен мамандарын тәрбиелеп шығарды. Қазақстанның әр өлкесінде, түрлі саланың басқару тетігін меңгеріп жүрген әріптестер – осының көрінісі.       

Сіз тәлімгер тұлғасыз. Қызметтегі табыс пен ұжым алдындағы абырой-беделдің таразысын тең ұстай білудің төркіні сергектік пен құзыреттілік екенін үйреттіңіз.Жас мамандар  үлгі тұтатын, ұрпақтарыңызға  мақтаныш болардай  дара жолыңыз қазыналы ардагерлікке алып келді. Жұбайыңыз Балтагүл Бейімбетқызымен шуақты шаңырақ астында тәрбиелі ұл-қыз өргізіп, үлкен әулеттің қасиетті төріне айналдыңыздар. Сіздерге мықты денсаулық, қажыр-қайрат, отбасыңызға бақыт пен береке, немерелер мен шөберелердің қызығын тамашалайтын ұзақ ғұмыр  тілейміз.Асқар бейнеңіз әрдайым  құрмет пен абырой биігінен көрінсін.

 

                         Ізгі ниетпен,  Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті