
Салық төлеушілер тарапынан көптеп туындайтын сұрақтар салықтық шегерімдерге қатысты.
ҚР Салық кодексінде салықтық шегерімдер туралы жеке тарау қарастырылған.
Онда салықтық шегерімдердің түрлері, оларды қолдану тәртібі және растайтын құжаттар көрсетілген. Салық кодексінде келесі салық жеңілдіктері белгіленген:
▪ Міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салықтық шегерім;
▪ Зейнетақы төлемдері және жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша салықтық шегерім;
▪ Стандартты салықтық шегерімдер (12 ең төменгі жалақы мөлшерінде, Ұлы Отан соғысына қатысушыларына, мүгедектерге, мүгедек балалардың ата-аналарына және т.б. жалпы сомасының бір жылда шекті мөлшері ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс). Мысалы, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды асырап алғандардың табысынан бір жылда ең төменгі жалақының 75 еселенген мөлшері азайтылады. Ескере кететін тұс: егер тапқан табысыңыздан белгілі бір мөлшер қалған болса, 10 пайыз жеке табыс салығын төлейсіз.
▪ Ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерім;
▪ Сыйақылар бойынша салықтық шегерім;
▪ Медицинаға арналған салықтық шегерім.
Салықтық шегерім, сонымен қатар, ипотека алғандарға жасалады.
Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінен ипотекаға тұрғын үй алғандар салықтан босатылмайды, тек салығы азайтылады. Жеке тұлғаның табысынан сыйақы сомасы азайтылады.
Оған қол жеткізу үшін мына құжаттарды тапсыру керек:
- Тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен жасалған ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты;
- Сыйақы сомалары бөліп көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі;
- Осындай қарыз бойынша сыйақының төленгенін растайтын құжат.
Тұрғын үй жинақ банкінде ғана емес, сонымен қатар басқа банктерден алынған ипотекалық тұрғын үй заемдары бойынша сыйақы жеке табыс салығын төлегенде табысынан алынып тасталады. Бірақ, бұл өзгеріс 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енеді. Сонда аз мөлшерде жеке табыс салығын төлейтін боласыз.
Осы тұста 2018 жылға бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2405 теңге болғанын айта кеткен жөн. Ал, жалақының ең төменгі мөлшері – 28 284 теңге.
А.Жүнісова,
Қызылорда облысы бойынша
Мемлекеттік кірістер департаментінің
бөлім басшысы