Date of publication: 26.05.2017 17:59
Date of changing: 30.05.2017 15:46

    

Қазақстандық азаматтардың миллиондарын жинап, «жылдам әрі ешнәрсе істемей-ақ байып кету» үлгісін ұсынатын қаржы пирамидалары туралы аңыздың фактілері біздің облыста да орын алғаны анықталуда.

Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметімен жүргізілген жедел іздестіру шаралары негізінде испандық «Questra Holdings» компаниясының қызметін анықтау мүмкін болды. 

Азаматтармен есеп шотына 90 евродан басталатын кез-келген көлемдегі ақша салымын салып, айына 20 пайыздық үстемеақы алу арқылы бір жылда екі есе пайда табуға болатыны туралы шартқа отырып, азаматтардың қаржысын тартумен айналысатын тұлғалар анықталды.

Қаржы пирамидасының белгілерімен жұмыс жасап жатқан осы ұйымға жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  217-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне №174300121000115 тіркелген  қылмыстық іс Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментіне жолданды.

«Қаржы пирамидасы»деген жүйе белгілі бір активтерге адамдардың қаражатын (инвестиция) салу арқылы емес, оны ақшалай жинап алу арқылы жүргізіледі. Сондықтан, пирамиданың алдыңғы бөлігі ақшаның  мол үлесіне ие болады да, соңғылары өз қаражатын да қайтара алмай қалады. Мұндай компаниялар түбінде банкротқа ұшырайды, себебі ақшаның толықтай қайтарымы мүмкін емес.

Қазақстанда 2014 жылы «Қазақстан Республикасындағы қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы әрекет ету мәселелері бойынша жекелеген заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданған. Содан бері бұл компаниялардың барлығының әрекеті заңсыз. Мұндай ұйымдарды құру және басқару әрекеттері, ҚР ҚК 217 бабына сәйкес, ірі көлемде айыппұлға (1000-нан 3000-ға дейін АЕК) әкеп соғады, тіпті 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылу және мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.

Қаржы пирамидасының қызметін жарнамалауға да тыйым салынған. Бұл үшін, ҚР ӘҚБтК-тің 150 бабы қарастырған 150-ден 600-ге дейінгі АЕК мөлшерінде айыппұлға тартылуға болады. Осындай пирамидалардың басшылары мен белсенді қатысушыларының әрекеті «алаяқтық» болып танылады (ҚР ҚК 190 бабы).

Егер Сіз осыған ұқсас ұйымдардан ұсыныс алсаңыз – ең алдымен, олардың лицензиясын сұраңыз. Депозиттер қабылдау қызметін жүзеге асыруға құзырлы органның лицензиясы болмаса – бұл ұйымның қызметі заңсыз.

Ал енді пирамидалардың әрекетіне арбалып қалсаңыз – полицияға немесе мемлекеттік кірістер органдарына жүгініңіз.

 

И.Құрақбаев,

Қызылорда облысы бойынша МКД

Қаржы саласындағы құқық бұзушылықтарды тергеу

басқармасының басшысы