Жарияланған күні: 27.05.2016 11:19
Өзгертілген күні: 27.05.2016 11:20

Жалпыға бірдей декларациялау алдындағы мүмкіндіктерді пайдаланыңыз!

 

(Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызмет көрсетулер басқармасының басшысы

Гүлжамал Сейтбайқызы Шортанбаева сұрақтарға жауап береді)

 

 

Мүлікті жария ету (заңдастыру) акциясының негізгі мақсаты қандай?

«Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» 2014 жылдың 1-қыркүйегінде ҚР Заңы қолданысқа енді.

Бұл заңның мақсаты біріншіден, көлеңкелі экономикамен күрес, яғни отандық экономиканың ішкі ресурстарын көлеңкеден шығару.

Екіншіден, еліміздің экономикасына қосымша қаражаттар және инвестициялар тарту және бюджетке қосымша түсімдерді көбейту болып саналады. Яғни, жария етілген капитал еліміздің экономикасын дамытуға ат салысуы тиіс.

Үшіншіден, 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасының азаматтарының, оралмандардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдардың табыстары мен мүлкін жаппай декларациялауға көшуімен байланысты. Яғни, елімізде жүргізіліп жатқан мүлікті жария ету акциясы барлық азаматтарға өздерінің қаражаттары мен мүліктерін заңды түрде рәсімдеуге мүмкіндік береді. Ал, кейін жаппай декларациялау кезінде заңдастырылған мүлкі мен табыстарын ашық көрсете алады.

            Сонымен бірге, 2006 жылғы жария етуден айырмашылығы - заңды тұлғалардың жария ету субъектілері болып табылмайтындығын атап өткен жөн.

            Мүлікті жария ету ерекшеліктері қандай, сонымен қатар салық органдары тарапынан мүлікті жария етуге байланысты жүргізілетін жұмыстар жайында айтып өтсеңіз.

            Жария ету нысандарына ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестері, оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер ҚР-ның заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын, басқа адамға рәсімделген жылжымайтын мүлік, құрылыс нормалар мен қағидаларына, сондай ақ өздері орналасқан, жария ету субьектісіне меншік құқығына тиесілі жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкес келетін, ҚР-ның аумағында тұрған үйлер (құрылыстар, ғимараттар); ҚР-ның аумағының шегінен тыс жерлерде тұрған жылжымайтын мүліктер жария етуге жатады.

            Жария ету туралы Заңмен жария етуге жататын мүлікпен қатар, жария етуге жатпайтын да мүліктің барынша толық түсінігі белгіленген. Бұл ретте жекелеген қылмыстарды жасау нәтижесінде алынған мүліктер жария етуге жатпайды. Мәселен, жеке адамға қарсы және адамның конституциялық және басқа да құқықтары мен бостандықтарын бұза отырып алынған мүліктер, конституциялық құрылым мен мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы қылмыстық жолмен алынған кірістер, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық және басқа да құқық бұзушылық пен мемлекеттік қызмет мүддесіне қайшы қылмыстар жасау бойынша алынған мүліктер рахымшылыққа жатпайды.

Сонымен қатар, сот тәртібімен оған құқықтар дауланып жатқан, несие ретінде алынған ақша, мемлекет пайдасына берілуге жататын мүлік, құрылысы бюджет қаражаты есебінен аяқталған жылжымайтын мүлік обьектілеріндегі тұрғын және тұрғын емес үй жайлар жария етуге жатпайды.

 

Енді, мүлікті жария ету үшін жария ету субьектілері қайда бару керек?

Әкімшілік жанынан құрылған комиссияға жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлікті жария ету субъектілері заңда көрсетілген құжаттарын ұсынады. Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының аумағындағы тұрған үйлерді (құрылыстар, ғимараттарды) жария ету шартының бірі жария ету субъектісіне меншік құқығында тиесілі жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкес келетіні болып табылатындығына назар аударған жөн.

            Ал, мемлекеттік кіріс органдарына арнайы декларация тапсыру арқылы ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестерін, Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерлерде орналасқан, оның ішінде тиесілі емес тұлғаға (бұдан әрі – басқа тұлға) ресімделген мүлiкті жария ете алады.

Ақшаны жария ету ұлттық және (немесе) шетел валютасында екiншi деңгейдегi банкте, Ұлттық пошта операторында ашылған ағымдағы шотқа салу (аудару);

Екiншi деңгейдегi банкте, Ұлттық пошта операторында ағымдағы шотқа ақшаны салмай (аудармай)- арқылы жария ету арқылы жүргізіледі.

Мүлiктi жария еткенi үшiн алым төлене ме?

            Екiншi деңгейдегi банкте, Ұлттық пошта операторында ағымдағы шотқа ақшаны салмай (аудармай) жария еткен жағдайда жария етілетін ақшаның сомасынан және Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерлерде тұрған жылжымайтын мүлiктi немесе эмитенттері шет мемлекетте тіркелген бағалы қағаздарды немесе шет мемлекетте тіркелген заңды тұлғалардағы қатысу үлестерін  жария еткен кезде өндіріліп алынады. Бұл ретте алым, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде тұрған, оның ішінде басқа тұлғаға ресімделген, арнайы декларацияда көрсетілген мүлік құнының он пайызы мөлшерінде төленеді.

Елімізде жүргізіліп жатқан акцияны пайдаланып мүліктерін жария етпеген азаматтарды алдағы уақытта не күтіп тұр?

Мемлекеттiк органдар, ұйымдар және олардың лауазымды адамдары мен қызметкерлері мүлiктi жария етудi өткiзу процесiнде алынған ақпараттың құпиялылығын Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қамтамасыз етуге, оның ішінде жария ету субъектісінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз ақпаратты таратуға жол бермеуге міндетті.

Жария ету субьектілері туралы ақпараттың құпиялылығы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес кепілдендіріледі.Банктік, салық және қызметтік құпияны сақтау ескеріледі.

Бұл ретте заңдастырылған қаражат пен мүліктер салық салу мақсаттары үшін табыс ретінде қарастырылмайды, соған сәйкес оларға табыс салығы да салынбайтын болады. Бұдан бөлек, жария етілген мүлік иелері қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев ұсынған бес институционалды реформа және оны жүзеге асырудың 100 нақты қадамында «2017 жылдың 1 қаңтарына мемлекеттік қызметкерлер, одан әрі барлық азаматтар үшін кірісті және шығысты жалпы жариялауды кезең-кезеңімен жүзеге асыру» (III тарау, 42- қадам) қарастырылған. Яғни, жалпыға бірдей декларациялау кезінде азаматтар заңдастырылған мүлкі мен табыстарын ашық көрсете алады.

            Алдағы уақытта барлық қаржылай ірі сомалар тексеріліп, заңсыз түрде келген, шет елдердегі оффшорлы аймақтардағы қаржылар тексеріліп, бақыланатын болады.

Кіріс органдарымен автоматты түрде камералдық бақылау жүргізіліп, есептіліктерге, аударылған ақшалай қаражаттың барлығына тексерулер өткізіледі.

Бұнымен қоса, аударымдардан кемітілген салық міндеттемелеріне қосымша өсімпұл сомалары есептеліп, айыппұлдар салынады. Сонымен қатар, салық төлеуден жалтарған, табысын жасырған барлық азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал, қазіргі уақытта мемлекет осы мүмкіндікті пайдаланып мүлік пен қаражатты жариялап заңдастырып, әрі қарай кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға барлық жағдай жасап отыр.

Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің нормасына сәйкес, бірінші рет жауапкершілікке тартылған жағдайда айыппұл сомасы 250 айлық есептік көрсеткіш құрайды (2016 жыл үшін 1 АЕК=2121 теңге). Жыл ішінде қандай да бір осындай дерек анықталған жағдайда, мысалы ол ақша қаражатынан басқа қандай да бір қозғалмайтын мүлкін көрсетпеген жағдайда әкімшілік өндіру сомасының мөлшері 2 еселеніп 500 АЕК апарып соқтырады.

Сіздердің қызметіңізге жүгініп, мүлкін немесе ақша қаражатын жария еткен қызылордалықтар туралы мәлімет келтіруге бола ма?

           Облыс тұрғындары тарапынан бағалы қағаздарын, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестерін, Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерлерде орналасқан, оның ішінде басқа тұлғаға ресімделген мүлкін жария етуге қатысты арнайы декларациялар түскен жоқ. Ал, екінші деңгейлі банктерде есеп ашу арқылы облысымыздың 4 заматы жалпы сомасы 36786 мың теңге ақша қаражатын жария етті.