Date of publication: 07.10.2015 11:20
Date of changing: 07.10.2015 11:20

         Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде, Қызылорда облысы прокуратурасы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті өкілдерінің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлық көріністерінің жайы және оның алдын алу» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.

    Семинар-кеңеске Қызылорда облысы прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары Н.С.Дүйсенбаев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және  сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл Агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Б.Ұ.Байхожаев, Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің инспектор-психологы С.Е. Мырзахметовалар қатысты.

    Семинар-кеңеске шақырылған өкілдер «Облыс бойынша сыбайлас жемқорлықтың жайымен таныстыру және сыбайлас жемқорлықтың зардаптары мен оның алдын алу туралы», «Қызметкерлердің эмоционалдық күйзеліске түсуінің алдын алу және ескерту» тақырыптарында баяндама жасады.

        Бүгінгі таңда тек сыбайлас жемқорлықты анықтау, жолын кесу және кінәлілерді жазалау ғана емес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, сыбайластықтың пайда болу шарттарын, себептерін анықтау міндеті тұр. Яғни, жемқорлықтың салдарымен емес, себептерінің алдын алуды басты мақсаты ретінде белгіленіп отыр. Талай сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін іске асырған кездегі құқықтық сауаттылығы әлсіздігінің салдары болып табылады. Бұл ахуалды түзеу үшін халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмысы, олардың жасын, кәсіби және өзге де ерекшеліктерін ескере отырып, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру жөніндегі жүйелі жұмыстардың жүргізілуі қажет.

    Семинар-кеңесті Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары М.Қалдарбеков қорытындылап, кез келген мемлекеттік қызметкер өзіне жүктелген міндеттерді адал атқаруға тиіс екендігін, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдары мен мемлекеттік қызметкерлердің «Ар-намыс» Кодексі және басқа да нормативті-құқықтық  актілердің талаптарын орындау - әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті және оның қатаң түрде сақталуы мен орындалуына Мемлекеттік кірістер органдарының барлық санаттағы қызметкерлері жауапты екендігін ескертті.

       Сондықтан бүгінгідей  өткізіліп отырған іс-шаралар заң бұзушылыққа, теріс әрекеттерге жол берілмеуіне оң ықпал ететіндігіне сенім білдірді.