Жарияланған күні: 18.03.2015 11:00
Өзгертілген күні: 14.11.2018 18:21

 

79-бап. Дара кәсіпкер және жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебіне қою

      1. Дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін жеке тұлға Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен салық органына хабарлама жібереді.

      2. Салық органдары Қазақстан Республикасының заңнамасымен дара кәсiпкерлікті жүзеге асыруға тыйым салынған жеке тұлғаны дара кәсiпкер ретiнде тiркеу есебiне қоюды жүргiзбейдi.

      3. Жеке тұлғаны жеке практикамен айналысатын адам ретiнде тiркеу есебiне қою нотариаттық қызметтi, атқарушылық құжаттарды орындау жөнiндегi қызметтi, адвокаттық қызметтi, дауларды медиация тәртібімен реттеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру басталғанға дейiн "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық нысанда ұсынылған, жеке тұлғаның жеке практикамен айналысатын адамды тiркеу есебiне алу туралы салықтық өтiнiшi негiзiнде жүргiзiледi.

      4. Салық органдары салықтық өтінішті алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жеке тұлғаны жеке практикамен айналысатын адам ретiнде тiркеу есебiне қоюды жүргізеді не мұндай тіркеуге қоюдан бас тартады.

      Салық органы жеке тұлғаны жеке практикамен айналысатын адам ретiнде тiркеу есебiне қоюдан бас тартуды, егер:

      1) жеке басты куәландыратын құжаттың салықтық өтініште көрсетілген деректері сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінде қамтылған мәліметтерге сәйкес келмеген;

      2) нотариаттық қызметті, атқарушылық құжаттарды орындау жөнiндегi қызметті, адвокаттық қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның салықтық өтініште көрсетілген деректері лицензиялардың мемлекеттік электрондық тізілімінде қамтылған мәліметтерге сәйкес келмеген;

      3) салықтық өтініште көрсетілген орналасқан жері "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесінде болмаған жағдайларда жүргізеді.

 

Жеке тұлғаны дара кәсiпкер ретiнде тiркеу есебiне қоюды салық органы Қазақстан Республикасының жеке кәсiпкерлiк туралы заңнамасында айқындалған тәртiппен және мерзiмдерде дара кәсiпкердi мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк бере отырып жүргiзедi.