Жарияланған күні: 13.09.2018 10:36
Өзгертілген күні: 14.11.2018 14:23

Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке тұлғалардың 2017 жылға жер және мүлік салықтарын 2018 жылдың 1-ші қазанынан кешіктірмей төлеу қажеттігін ескертеді.

           ҚР Салық кодексінің 73-бабының 5-тармағына сәйкес салық органдары жеке тұлғаларға мүлік, жер және көлік салығы бойынша есептеген салықтық міндеттемелерінің сомалары және салықтық берешектің сомасы туралы мәліметтерді:

  • салық органдарының интернет-ресурстарына орналастыру;
  • коммуналдық көрсетілетін қызметтерді беруші есеп айырысулар үшін қолданатын құжаттарда көрсету;
  • салық төлеушінің электрондық поштасының мекен-жайларына жіберу, салық төлеуші ұсынған ұялы телефондардың нөмірлеріне қысқа мәтіндік хабар жіберу жолымен ұсынады.

Бұл ретте,  жеке тұлғалар осы қызметтерді алу үшін тұрғылықты жердегі салық органдарына электрондық поштасының мекен-жайларын, ұялы телефондардың нөмірлерін жазбаша түрде береді.

         Одан басқа, салық Кодексінің 21 бабының 3 тармақшасына сәйкес, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдіктерінің өкілдері өз орнында жеке тұлғаларға төлейтін мүлік, көлік құралдары және жер салықтары сомасы туралы хабарламаны табыс етеді.

         Есептелген салық сомалары туралы мәліметтер жоғарыда аталған әдістер немесе жолдар бойынша жеткізілмеген жағдайда, орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармаларынан анықтап төлеуге толық мүмкіндіктер қарастырылған.

        Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасына енгізілген жаңа нормаға ерекше көңіл аударуды сұраймыз:

      ● жеке тұлға 1 айлық есептік көрсеткіштен астам көлемдегі салық берешектерін төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда жеке тұлғаға салық берешегі туралы хабарлама берілген күннен бастап отыз жұмыс күн өткеннен кейін салық органы жеке тұлғадан берешекті өндіру туралы салық бұйрығын шығарады;

      ● салық берешегі өтелмеген жағдайда салық органы салық бұйрығын мәжбүрлеп орындау үшін атқару органдарына жолдайды. 

           Бұл ретте салық қарыздарын өндіру кезінде сот орындаушының қызмет  төлемақысы өндірілетін соманың 25 пайызын құрайды.   Бұл жағдайда жеке тұлғада салық берешегінен басқа қосымша шығындар туындайды, оған салық берешегімен қоса, сот орындаушысының пайыз төлемдерін төлеу қажет болады. 

           «Атқарушылық өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 33-бабының 1-тармағына сәйкес, егер борышкер атқарушылық құжаттағы жиырма айлық есептік көрсеткіштен астам сомаға талаптарды орындамаған кезде, сондай-ақ мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды үш айдан астам орындамаған кезде сот орындаушысы көрсетілген адамдардың Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға құқылы. 

            Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес әрбір өткізіп алынған күн үшін өсімақы есептелетіндіктен жеке тұлғаларға мүлік және жер салықтарын уақытылы төлеу қажеттігін тағы бір мәрте еске саламыз.

 

 

Ж.Қарсақбаева,

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің

бас маманы