Жарияланған күні: 06.05.2015 11:33
Өзгертілген күні: 23.10.2018 09:30

Дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының қызметін тоқтатуы

 

Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексі

 

43-бап. Қызметі тоқтатылған кезде дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының салық міндеттемесін орындау ерекшеліктері

 

1. Осы бап бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келетін:

1) қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын;

2) алып тасталды - ҚР 28.11.2014 № 257-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі);

3) тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері негізінде салықтық тексерулер жоспарына енгізілмеген, қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің салық міндеттемесін орындаудың ерекшелігін айқындайды.

Осы бап осы Кодекстің 46-бабының 2-тармағында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде осы тармақта айқындалған шарттарға сәйкес келетін дара кәсіпкерлерге қатысты қолданылады. Осы тармақтың ережелері дара кәсіпкерлер ретінде мемлекеттік тіркелген күннен басталған кезеңі осы Кодекстің 46-бабының 2-тармағында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімінен аз дара кәсіпкерлерге де қатысты қолданылады.

2. Дара кәсіпкер қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:

1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті;

2) осындай есепке алу болған жағдайда қызметтің жекелеген түрлері бойынша тіркелу есебінен шығару туралы салықтық өтінішті;

3) таратудың салық есептілігін;

4) алып тасталды - ҚР 28.11.2014 № 257-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі);

5) алып тасталды - ҚР 28.11.2014 № 257-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі);

6) осы Кодекстің 648-бабында белгіленген тәртіппен бақылау-кассалық машинаны есептен шығару туралы салықтық өтінішті табыс етеді.Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер бақылау-кассалық машинаны салық органында есепке қойған жағдайда осы тармақтың 6) тармақшасында көрсетілген құжатты табыс етеді.

3. Таратудың салық есептілігі қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер салық төлеуші (салық агенті) болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдердің түрлері,міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдарбойынша, қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.Егер кезекті салық есептілігін табыс ету мерзімі таратудың салық есептілігі табыс етілгеннен кейін басталса, осындай кезекті салық есептілігін табыс ету таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

4. Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей, таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеуді, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударуды жүргізеді. Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу,міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

5. Салық органы дара кәсіпкердің қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде:

1) мемлекеттік уәкілетті органдарға – қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлғаның мемлекеттік тіркелуге жататын мүлікпен жасаған мәмілелері туралы, сондай-ақ қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш алынған күнгі жағдай бойынша оның мүлкі туралы мәліметтерді табыс ету туралы;

2) кеден органдарына – қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлға жасаған сыртқы сауда мәмілелері туралы мәліметтерді табыс ету туралы, сондай-ақ кеден төлемдері және салықтар бойынша салық органының талаптарын алған күннен бұрынғы емес күнге берешегінің жоқ екендігін растау туралы;

3) банктерге және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға – қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің қызметін тоқтату туралы салықтық өтініші алынған күнгі банктік шоттарындағы ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы мәліметтерді табыс ету туралы сауал жіберуге міндетті.

Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген мәмілелер туралы, сондай-ақ банктік шоттардағы ақша қозғалысы туралы мәліметтер салық органының қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті алған күніне дейін қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерге салықтық тексеру жүргізілмеген кезең үшін осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі шегінде табыс етіледі.

6. Салық органының осы баптың 5-тармағында көрсетілген сауалдары бойынша мәліметтер, егер осы Кодекстің 581-бабының 12) тармақшасында өзгеше көзделмесе, оларды алған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей табыс етілуге тиіс.

7. Салық органы барлық мәліметтерді алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде камералдық бақылауды жүзеге асыруға және осы Кодексте белгіленген тәртіппен қорытынды жасауға міндетті.Қорытындыда камералдық бақылаудың нәтижелері, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша есеп айырысудың жай-күйі көрсетіледі.Қорытынды кемінде екі данада жасалады және оған салық органының лауазымды адамдары қол  қояды. Қорытындының бір данасы қол қойылғаннан кейін үш күннен кешіктірмей қолын қойдыра отырып дара кәсіпкерге тапсырылады немесе оған почта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберіледі.Салық органы дара кәсіпкерге почта арқылы хабарламасы бар хатпен жіберген қорытындыны почта немесе өзге байланыс ұйымы қайтарған жағдайда, осы Кодексте белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен салықтық тексеріп-қарау жүргізілген күн осындай қорытындыны тапсырған күн болып табылады.

8. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда дара кәсіпкерге қорытынды алынған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей осы Кодекстің 84-тарауында белгіленген тәртіппен камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тапсырылады. Дара кәсіпкер камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауды осы Кодекстің 587-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.Хабарлама орындалмаған және (немесе) салық органдары қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерге қатысты салық төлеуші табыс еткен түсіндірмелермен келіспеген жағдайда құжаттық салықтық тексеру жүргізіледі. Бұл ретте, құжаттық салықтық тексеру осындай хабарламаны орындау және (немесе) анықталған бұзушылықтар бойынша келіспеу туралы түсіндірме алу мерзімі өткеннен кейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.

9. Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің салық берешегі көрсетілген дара кәсіпкердің ақшасы есебінен, оның ішінде мүлкін өткізуден алынған ақша есебінен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген кезектілік тәртібімен өтеледі.

10. Егер қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерде салықтардың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы бар болса, көрсетілген сома осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен осы дара кәсіпкердің салық берешегін өтеу шотына есепке жатқызылуға жатады. Егер қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерде салықтардың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың қате төленген сомасы бар болса, көрсетілген сома осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға жатады.

11. Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерде салық берешегі болмаған жағдайда:

1) салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қате төленген сомасы осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға жатады;

2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемақылардың, алымдар мен өсімпұлдардың артық төленген сомасы осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға жатады;

3) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің төленген сомасы осы Кодекстің 606-бабында белгіленген тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға жатады;

4) айыппұлдардың төленген сомасы осы Кодекстің 605-бабында белгіленген тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға жатады;

5) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдардың бюджетке артық (қате) төленген сомасы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға жатады.

12. Салық төлеушi салық берешегiн, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті төлеуді (аударуды) камералдық бақылаудың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытынды жасалған немесе хабарлама орындалған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.

13. Дара кәсіпкер:

1) камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар және салық берешегi, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болмаған кезде – қорытынды жасалған;

2) бұзушылықтар болған және салық берешегi, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болмаған кезде –камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған осындай бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалған;

3) салық берешегі болған кезде және камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар толық көлемінде жойылған жағдайда – салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары,міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі өтелген күннен бастап дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылды деп танылады.

Дара кәсіпкерді осы тармақта белгіленген тәртіппен тіркеу есебінен шығару туралы ақпарат дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.Осы баптың 12-тармағында белгіленген мерзімдерде төленбеген салық берешегiнің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің болуы дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарудан бас тартуға негіз болып табылады.Осы тармаққа сәйкес тіркеу есебінен шығарудан бас тартылған дара кәсіпкерлер туралы ақпарат осы баптың 12-тармағында белгіленген төлеу мерзімі өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.