Дата публикации: 27.06.2018 10:11
Дата изменения: 27.06.2018 10:18

        Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне құрмет көрсетілді.

        Департамент басшысы Серік Жолдасбекұлы Мұстафаев бұқаралық ақпарат құралдарының  мемлекеттік кірістер органдарының бірнеше саланы қамтитын қызметін ақпараттандырумен қатар,  жұртшылықтың құқықтық сауаттылығын, салықтық мәдениетін көтерудегі маңызды ролін атап өтті.

        «Журналистер – үлкен қоғамдық күш. Көпшілікке түсіндіру қажет ақпаратты, заңнамалық жаңалықтар мен өзгерістерді жеткізу өте маңызды. Сондықтан, Сіздердің қызметіңіздің біз үшін – халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік орган үшін – орны ерекше. Алдағы уақытта біздің бірлескен жұмысымыз көбеймесе, азаймайды. Себебі, мемлекеттің саясаты – кәсіпкерлікті қолдау, халықтың құқықтық сауаты мен мәдениетін көтеру, экономика саласындағы құқықбұзушылықтармен ымырасыз күресу – бізге үлкен міндеттер жүктеп отыр. Осындай міндет үдесінен шығу үшін талмай жұмыс жасаймыз, және оны Сіздермен бірге жария  жүргіземіз. БАҚ өкілдеріне үлкен сенім арта отырып, Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын. Қаламдарыңыз жүйрік болсын. Жақсы жаңалықтардың жаршысы болыңыздар.  Жағымды, пайдалы, әсерлі жобаларыңыз көп болсын.  Сіздерге мықты денсаулық тілеймін. Отбастарыңыз аман, қызметте мерейлеріңіз үстем болсын», - деді Департамент басшысы.

        Жұртшылық үшін салық, кеден саясатын жетілдіру бағытындағы жаңа заңнамалық құжаттарды таныстыруда ерекше үлесі бар қалам ұстаған, эфир меңгерген бір топ журналистерді, дикторлар мен операторлар марапатталды. Олардың қатарында республикалық басылымдар мен ақпарат агенттіктерінің меншікті тілшілері, облыстық және қалалық басылымдар мен телеарналардың өкілдері  Шәкизада Әбдікәрімов, Юрий Ли, Валерия Крючкова, Наталья Денисова, Әділжан Үмбет, Айнагүл Манабаева, Фариза Омарова, Аякөз Қожақова, Талант Аимбетов, Ержан Тәженов, Алмат Меңдібаевтар болды.

        Журналистер қауымының өкілдері өздері үшін жасалған ілтипатқа алғыстарын білдірді. Әрбір қаламгердің ерекше қабылеті мен жұмыс стиліне орай арнау өлеңдер оқылды, домбырада шырқалған ән қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.

 

Б.Орданова,

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы