Дата публикации: 28.05.2018 12:22
Дата изменения: 28.05.2018 12:22

Әріптесіміз – Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Гүлзат Тайғараева облыстық «Тіл шебері - 2018» байқауына қатысып, жүлделі екінші орынды жеңіп алды.

       Дәстүрлі байқау биыл Астананың 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Үштілділікті насихаттау, жастардың іскерлік және қарым-қатынас деңгейіндегі тілді меңгеру мәдениетін көтеру мақсатындағы байқауда облыстың мемлекеттік және бюджет саласындағы мекемелерінен 21 мен 29 жас аралығындағы 8 жас маман  қатысты.

        Үш аталымнан тұрған  байқау шарттарында әріптесіміз жан-жақты білімі мен қабылетін танытты. «Мәдениеттанымда» қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тілі туралы сұрақтарға жауап берсе, «Ұлттанымда» Сыр елінің тарихы мен облысымыздың тарихи орындары және белгілі тұлғалары туралы білгенінен маржан терді. Ал «Өнертанымда» жаңылтпаш айтудан жарысып,  мәнерлеп өлең оқудың өзіндік үлгісін көрсетті.

        Филолог мамандардан, мәдениет пен өнер саласының қызметкерлерінен құралған қазылар алқасы қатысушылардың сөз саптау  ерекшелігін,  өзін ұстау мәдениетін  және жауаптардың сапасы мен мазмұнын ескерді.

        Гүлзат аталған талаптар  деңгейінен шығып, байқау қорытындысында екінші орынды иеленді.  

        Әріптесімізді жеңісімен құттықтаймыз!

        Өнеріңіз өрге жүзіп, жетістіктеріңіз көп болсын!

 

Б.Орданова,

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің

 бас маманы