Дата публикации: 27.06.2018 10:10
Дата изменения: 27.06.2018 10:10

       «Ауырып ем іздегенше – ауырмаудың жолын ізде» деген дана сөз бар қазақта. Сыбайлас болып жең ұшынан жалғасу да асқына келе  жемқорлық деген кеселге ұшыратады. Ал оның зардабы орасан екені күнделікті  дәлелденіп отыр.

        Ауқымды мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін мемлекеттік кірістер органдарында  жемқорлыққа жол бермеу, сыбайластық себептерін зерделеу және олармен  күресудің өзіндік алгоритмі қалыптасқан. Барлық жұмыс тетігі жаңа ақпараттық технологиялар мен жүйелерге бағындырылған.

         2018 жылдың бес айында Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментімен мемлекеттік қызметтердің 90,5% электронды нысанда көрсетілген. Бұл 2017 жылдың 5 айындағы көрсеткіштен 3,3%-ға артық, яғни жыл сайын электронды форматта қызмет көрсету қарқыны артып келеді. Оның ішінде, салық есептілігінің 99,4% үлесін   электронды түрде  тапсырылған есептер құрап отыр.

         Мемлекеттік қызметті электронды нұсқада көрсету шеңберінің кеңеюі мемлекеттік қызметшінің тұтынушымен тікелей байланысын азайтып келеді. Бұл – сыбайластықты болдырмаудың бірден бір тетігі.

         Мемлекеттік кірістер органдарындағы осы бағыттағы ірі қадамдардың бірі - үстіміздегі жылы іске қосылған  электронды декларациялаудың «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі. Бұл жаңа жүйе  Бүкіләлемдік сауда ұйымының  талаптарына сай сауданы жеңілдету мақсатында жасалған. Электронды декларациялау деректерді толықтай кодпен цифрландырады, декларацияны толықтай өңдейді, кедендік салықтар мен төлемдерді автоматты түрде есептеп, өндіруді жүзеге асырады. Тауарды айналымға шығару үшін жүйе өздігінен белгілі бір «дәлізді» таңдайды: ол «тәуекелді дәліз» немесе «жасыл дәліз» болуы мүмкін. Тәжірибеде байқалғандай, декларацияны өңдеу және жасыл дәлізбен шығаруға 1 минуттай ғана уақыт жұмсалады және мұнда кеден қызметкері мен декларанттың байланысы жоқ.  Кедендік тазартуды алыстан жүргізетін жаңа жүйе бүгінгі күнге барлық кедендік режимдер бойынша қолданыста.  Департаменттің қызмет аумағында 2018 жылдың 5 айында  881 декларация электронды өңделіп шығарылды, оның 454-і импорт, ал 457-сі экспорт  режимінде.  

         Электронды, жетілдірілген нысанда жұмыс жасаудың және бір жаңа қадамы – 2018 жылы «Е-қылмыстық іс» жүйесінің қолданысқа енуі.

         Қылмыстық процесті цифрландырудың бұл үлгісі  қылмыстық істің тіркелуінен бастап, үкімнің орындалуына дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Мұнда істің материалдарын өзгертуге мүмкіндік болмайды, айғақтарды, құжаттарды  жинақтау жеңілдейді, тергеу орындары мен сот органдарының шығындары азаяды.   Биылғы жылдың 5 айында Экономикалық тергеу қызметінде сотқа дейінгі тергеу реестріне 81 қылмыстық іс тіркелсе, соның 19-ы  электронды жүйеде жүргізіліп, өндірісі аяқталған.

         Жемқорлықты болдырмаудың мемлекеттік кірістер органдарында қолданылатын тағы бір тұрақты тәсілі салық төлеушінің және сыртқы экономикалық қызметке қатысушы тұлғаның құқықтық сауаттылығын арттыру. Бұл үздіксіз жүргізілетін түсіндіру шаралары семинарларды, онлайн дәрістерді, Департаменттің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі аккаунтарында  күнделікті орналастырылатын ақпараттарды қамтиды. Телеэфир арқылы апта сайын шығатын сұқбаттар мен тақырыптық бейнероликтер жеке тұлға үшін де, кәсіпкер үшін де салық және кеден саласындағы ең қажетті өзгерістер мен жаңалықтарды ұсынып отырады. Кәсіпкерлер палатасының алаңында және мақсатты аудиториямен өтіп тұратын кездесулер нақты кеңес береді, буклеттер мен парақшалар таратады.                 

         Дегенмен,  қоғамның тазалығы мен белсенділігін бірден өзгерту қиын. Азаматтардың салық төлеу барысында, ал кәсіпкердің кәсібін жүргізу кезінде заңды айналып өтуге бейімділігі әлі де жоғары деңгейде. Осы сана сыбайластық қатынастың туындауына негізгі себеп болып отыр.

         Ал сыбайластық  екі жақтың мүддесіне бағытталады. Мысалы,  мемлекеттік кірістер органының кейбір қызметкерлері үшін бұл өз құзыретін пайда табу мақсатында пайдалану болса, бизнес өкілі үшін кәсібін заңсыз жолмен жүргізіп, салығын жасыру. Екеуінің де әрекетінен мемлекет мүддесі зардап шегеді: салық және кеден амалдары дұрыс жүргізілмейді, бюджетке түсетін салық көлемі кемиді. Және, ең бастысы, екі жақ та заңсыз әрекетке бару арқылы қоғамды кері тартады. Ортасы мен жан-жағын заңсыздыққа тәрбиелейді, заңның үстемдігіне күмән тудырады.

        Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Департаменттің Экономикалық тергеу қызметі Қызылорда қаласындағы сауналардың бірінде жасырын «Казино» анықтаған  болатын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307 бабы 2-бөлігінің 2) тармағымен (өзге адамдармен алдын-ала сөз байласу арқылы ойын мекемесін заңсыз ашып, ойын бизнесі саласындағы қызметті заңсыз ұйымдастыру) қаралған қылмыстық іс барысында анықталғандай, азамат А.У. покер стөлі орналасқан, фишкалары, ойын картасы және ойыншылары бар  ойынхананы бұған дейін де бильярд клубында ұйымдастырған болып шықты. «Көшпелі» ойынхана иесі екі жерде де бөлмені жалға алып, құмар ойын ойнаушыларды жинап  «Покер» ойынын заңсыз ұйымдастырған, сол арқылы пайда тапқан. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуі кезінде жауапкер тергеушіге өзін қылмыстық іске араластырмас үшін пара ұсынған. Қылмыстық жауапкершілікке тартылудан құтылуды бір миллион теңгеге бағалаған күдіктіні, тергеушінің алдын-ала хабардар етуі негізінде, Департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері пара беру сәтінде ұстады. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367 бабы 2-бөлігімен (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген лауазымды тұлғаға айтарлықтай мөлшерде пара беру) және жауапкершілікке тартылды. Сот үкімі екі бірдей баппен жауапкершілікке тартылған азаматтың екі жылға бас бостандығын шектеді. Сонымен қатар, 100 сағаттық мәжбүрлі жұмысқа тартуға, өмір бойы мемлекеттік органдарда қызмет жасау құқығынан айыруға кесім жасады.

         Жаза қылмыс үшін тағайындалады, алайда оның қылмыстан сақтандыру функциясы да бар, яғни келесі бұзушылықтың алдын алуға әсер етуі тиіс.  

         Алдын алу шараларының бірі ретінде «мемлекеттік кірістер органдарындағы тәуекелдерді талдау» деген тәжірибе бар.  Жұмыс барысында заңнамалық нормалар мен оларды күнделікті қолданудан түйткілдер  туындаса – дәл осы тәуекел тұстарды шешу бойынша әрбір құрылым өз ұсынысын білдіреді. Ұсыныстар арнайы құрылған жұмысшы тобында талқыланып, ең ұтымды нұсқасы жоғарғы органға жолданады. Биылғы жыл басынан бері ішкі мониторинг нәтижесінде 11 ұсыныс қаралып, Комитеттің қарауына жолданды. Бұл, өз кезегінде,  заңнамалық тұғырды бекітуге жасалатын қадамдар.

         Биылғы жыл басынан бері Департаментте сыбайлас жемқорлықтың себептерін көрсетіп, одан сақтандыру шараларына арналған 26 семинар, 20 «дөңгелек стөл» кездесуі өткізілді. Көпшілік оқырманы бар басылымдарда 63 мақала жарияланып, 44  теле және радиосұқбаттар берілді.

         Жең ұшынан жалғасу көріністеріне қарсы тұрудың тағы бір әдісі – әлдебір қызметі үшін сыйақы беру әдетін жою. Департаменттің қызметкерлеріне осы жылдың алғашқы төрт айында түрлі себептермен сыйлық ұсынудың 6 фактісі болған. Барлық жағдайда да қызметкерлер сыйлықтарды арнайы қорға өткізуге ықтияр білдірген, сөйтіп кәдесыйлар Қызылорда облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне арнайы актімен жолданды.

         Сыбайластықтың алдын алу  шараларының үлкен-кішісі  болмауы керек. Барлық әрекеттеріміз қоғамның тазалығы мен азаматтардың ашық, белсенді көзқарасын қалыптастыруға бағытталады. XXI ғасырдың үлкен кеселдерінің  бірі - сыбайластықпен күресуге біз осылай үлес қосамыз.

 

Серік Мұстафаев,

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы