Дата публикации: 13.06.2018 10:13
Дата изменения: 14.06.2018 16:20

Үстіміздегі жылдан бастап қолданысқа енген Салық кодексіне сәйкес Тәуекелдерді басқару жүйесі бұрынғы 625-626-баптардан 136-137-баптарға ауыстырылған. Дегенмен, Тәуекелдерді басқару жүйесі туралы 136-137-баптар 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрады, тоқтатыла тұру кезеңінде 2017 жылғы Салық Кодексіндегі нормада жүргізіледі.

Салық төлеушінің (салық агентінің) мемлекетке нұқсан келтіруі мүмкін және (немесе) келтіре алатын салықтық міндеттемені орындамау және (немесе) толық орындамау ықтималдығы тәуекел болып табылады.

Салық органдарының тәуекелдерді басқару жүйесін қолданудың мақсаты қолда бар ресурстарды анағұрлым тиімді пайдалана отырып, салық салу саласында бұзушылықтарды анықтау бойынша мүмкіндіктерді ұлғайту болып саналады.

Тәуекелдерді басқару жүйесі:

1) салықтық тексерулер жүргізу үшін салық төлеушілерді (салық агенттерін) іріктеу кезінде;

2) қосылған құн салығының асып кету сомаларының анықтығын растау кезінде;

3) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтың тәуекел дәрежесін айқындау кезінде;

4) осы Кодекстiң 434-бабының ережелерi ескерiле отырып, қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртiбiне құқықты айқындау мақсатында пайдаланылады.

Салық органдары салық төлеуші ұсынған салықтық есептіліктің деректеріне, уәкілетті мемлекеттік органдардан алған мәліметтерге, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі туралы басқа да құжаттарға және (немесе) мәліметтерге талдауды жүзеге асырады. Мұндай талдаудың нәтижелерін салық органдары тәуекелдер деңгейін анықтау үшін пайдаланады.

Сондай-ақ, салықтық тексерулер жүргізу үшін салық төлеушілерді (салық агенттерін) іріктеу мен камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтың тәуекел дәрежесін айқындаумақсаттарында пайдаланылатын тәуекелдер дәрежесінің өлшемшарттары құпия (қызметтік) ақпарат болып табылады.

Ал, 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енетін өзгерістерге байланысты Тәуекелдерді басқару жүйесі тағы бір пунктпен толықтырылған, яғни;

3) қызметі бойынша тәуекел дәрежесі төмен деп айқындалған салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қатысты салықтық бақылауды барынша азайту деп қосылған.

         Сондай-ақ, Салық органдары салық төлеушілерді (салық агенттерін) қызметін тәуекел дәрежесі төмен, орташа немесе жоғары санаттарға жатқызу арқылы оларды санаттарға бөледі және оны Кодексте белгіленген жағдайларда салықтық әкімшілендіру шараларын саралап қолданады. Яғни, мәжбүрлеп өндіру, салықтық тексеру т.б. салық органдарының міндеттері салық төлеушінің тәуекел дәрежесіне қарай жүргізіледі. Сондықтан, әр салық төлеуші өз салық міндеттілігін уақытылы, толық орындаған жағдайда тәуекел деңгейіне ілікпейді, яғни сенімді салық төлеуші санатына қосылу арқылы көптеген жеңілдіктерге ие болады.

 

Т.Қожаназаров,

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің

басқарма басшысы