Дата публикации: 04.03.2021 15:53
Дата изменения: 04.03.2021 15:53

Сыбайлас жемқорлық – технологиясы қарыштап дамыған мына заманда белең алған дерттердің бірі болып бара жатыр. Жемқорлық қоғамның мемлекетке деген сенімін бұзады, мемлекет билігінің тиімділігін түсіреді, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізеді. Сол себептен де Елбасымыз айтқандай «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы біртұтас майдан болып шығуы керек!» - деп халықты ел болып осы сыбайлас жемқорлық дертімен күресуге шақырып, қоғамның қай саласында  болмасын қарқынды жұмыстары атқарылуда.

Соның бірі салық саласы. Жаңадан редакцияланған Салық кодексіне біршама өзгерістер енгізілді. Атап айтатын болсақ, салықтық тексерулерді жүргізуге байланысты жаңадан 3 бап қосылды. Олар: тексерудің стандартты файлы, салық органының лауазымды адамдарының салықтық тексеруді жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері және де салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеруді жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері.

Тексерудің стандартты файлы салық органдарының ақпараттық жүйелері арқылы талдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, салық төлеушінің (салық агентінің) электрондық форматтағы бухгалтерлік есепке алу деректерін білдіреді.
         Салық төлеуші (салық агенті) тексерудің стандартты файлын салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған осындай файлды салық органдарының ақпараттық жүйесіне жүктеу арқылы ерікті түрде ұсынады. Стандартты файл тексеруге ұсынылған жағдайда: ішінара салықтық тексеруді жүргізу кезінде – нұсқама табыс етілген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде және  жоспардан тыс салықтық тексеруді жүргізу кезінде – нұсқама табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жүзеге асырылады.

Салық органының лауазымды адамдарының салықтық тексеруді жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері және де салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеруді жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері деген баптарында лауазымды тұлға мен салық төлеушісінің құқықтары мен міндеттерін нақтылап  айқындап көрсетіп берген.

Тағы айта кететін бір өзгеріс салық төлеушіге салықтық тексерудің алдын ала актісін табыс ету, салықтық тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық беру, осындай қарсылықты қарау қағидалары мен мерзімдерін, сондай-ақ оларға қатысты салықтық тексерудің алдын ала актісі бойынша нормалар қолданылатын салық төлеушілер санаттары бекітіліп, сәйкесінше салықтық тексеру актісі салық төлеушіге (салық агентіне) алдын ала акті салықтық тексеруді жүргізу мерзімі аяқталғанға дейін           5 (бес) жұмыс күн бұрын жеке қолын қойдырып табыс етіледі.

Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне салықтық тексерулер жүргізу – салық есептілігін, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді талдау нәтижелері бойынша ішінара салықтық тексеру жүргізумен тағайындалатын болды. Яғни, кез-келген жеке сектор субъектісіне бекітілген нысанда ғана тексеру жүргізіледі деген сөз.

Осының барлығы өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары, салық төлеушімен (салық агентімен) қарым-қатынас көлемін азайту және де Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, жеке сектор субъектілерін тексеру жүктемесін төмендету төңірегінде жасалып жатырған күрделі жұмыстардың бір көрінісі.  

 

Ш.Оспанова,

 Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің

 бас  маманы