Дата публикации: 25.07.2018 11:55
Дата изменения: 25.07.2018 11:55

       Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төлентін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 32-бабына сәйкес, мүлік пен әрекеттер салық салу объектісі және салық салуға байланысты объект болып табылады, олардың болуына байланысты және солардың негізінде салық төлеушінің салықтық міндеттемесі туындайды.

       Салық кодексінің 31-бабына сәйкес, салық төлеушінің ҚР салық заңнамасы бойынша мемлекет алдында туындайтын міндеттемесі салық міндеттемесі болып танылса, соған орай салық төлеуші Салық кодексінің 36-бабы, 2-тармағында көрсетілген әрекеттерді жасауға міндетті болып табылады.

       Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушіден (салық агентінен) салықтық міндеттемесін толық көлемде орындатуды талап етуге, ал салықтық міндеттеме орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, Салық кодексінде айқындалған тәртіппен оны қамтамасыз ету жөніндегі тәсілдерді және мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқылы. Сонымен қатар, салықтық міндеттемені орындау мерзімдері Салық кодексімен белгіленеді және Салық кодексінің 38-бабы, 2-тармағына сәйкес, мерзімнің өтуі салықтық міндеттемені орындау мерзімінің басталуы айқындалған нақты оқиға немесе заңды әрекет орын алған күннен кейінгі күннен басталады.

 Салық кодексінің 725-бабы бойынша ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын алу конкурсының жеңiмпазы болған немесе жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер негiзiнде жер қойнауын пайдалану құқығын алған, сондай-ақ ҚР заңнамасында айқындалған тәртiппен жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай келісімшарттардың біреуiн жасасқан (алған) жеке немесе заңды тұлға қол қою бонусын төлеуші болып табылады:

1) барлауға арналған келісімшартты;

2) пайдалы қазбаларды өндiруге арналған келісімшартты;

3) бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартты;

4) геологиялық зерделеуге арналған лицензияны;

5) жер қойнауының кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны;

6) кен іздеушілікке арналған лицензияны.

   Осы баптың бірiншi бөлiгi 2) тармақшасының ережесi тиiстi келісімшарт аумағында (жер қойнауы учаскесінде) барлауға арналған келісімшарттың шеңберiнде коммерциялық табуға байланысты өндiруге құқық алуға айрықша құқығының негiзiнде келісімшарт жасасқан жер қойнауын пайдаланушыларға қолданылмайды.

    Оған қоса, ҚР жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану заңнамасына сәйкес өтетін «конкурс» түсінігі, осы  заңнамаға сәйкесінше өткізілетін «аукцион» түсінігіне сәйкес болып табылады.

         Егер салық төлеуші Салық кодексінің 725-бабына сәйкес, қол қою бонусының төлеушісі болып мойындалса, Салық кодексінің 729-бабының, 1-тармағына сәйкес, қол қою бонусы бюджетке салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық төлеуші конкурс жеңімпазы деп жарияланған күннен немесе ҚР жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді.

 Жоғарыда баяндалғандардан және Салық кодексі мен ҚР басқа да заңдарының арасындағы қайшылықтарды есепке ала отыра салық салу мақсатында Салық кодексінің нормалары қолданылады, әртүрлі жағдайлардың пайда болуынан (қол қою бонусын өтемеуге байланысты, жер қойнауын пайдалану құқығын алу конкурсының жеңімпазы туралы шешімнің күшін жою) төлемге бөлінген мерзімнен тыс, Салық кодексінің қарастырған мерзімінде, көрсетілген жағдайлардан тәуелсіз, қол қою бонусы бюджет төлеміне жатады.

 

Қ.Жеңсікбаева,

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер Департаментінің

бас маманы