Жарияланған күні: 17.06.2019 17:14
Өзгертілген күні: 03.07.2019 18:14

Банкроттық туралы істердің маңызды ерекешелігі, оған – әкімші деп аталатын ерекше басқарушының банкроттық процесіне қатысуы болып табылады.

ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңына сәйкес борышкерге қатысты банкроттық рәсімдерін жүргізу туралы соттың немесе кредиторлар жиналысының шешімдерін орындау жауапкершілігі әкімшіге жүктеледі:

  • банкрот-борышкерге басқару жасауды өзі жүзеге асырады;
  • борышкердің қаржылық жағдайына талдау жүргізеді;
  • борышкердің активтерін жинақтап және оны сатуды жүзеге асырады;
  • түскен ақша қаражатын кредиторлар арасында бөледі.

 ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 1-бабының 3 тармағына сәйкес банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру барысында әкімші:

  • банкроттықты/ оңалтуды басқарушы;
  • уақытша әкімші;
  • уақытша басқарушы – ретінде әрекет етеді.

Банкроттықты/оңалтуды басқарушы кедиторлар жиналысымен ұсынылған кандидатурасына сәйкес Мемлекеттік кірістер департаментінің бұйрығымен тағайындалады.

Ол тағайындалған сәттен бастап, банкроттықты басқарудың және борышкердің мүліктеріне қатысты толыққанды өкілеттік түрлері әкімшіге өтеді. Бір мезгілде кәсіпорынның басқару органдарының қызметі, сонымен қатар директордың, басқарманың, директорлар Кеңесінің, акционерлердің немесе қатысушылардың Жалпы жиналысының қызметі тоқтатылады.

Бұл ереже әлемде қабылданған жалпы тәжірибеге сәйкес келеді. «Дәрменсіздік және кредиторлар құқықтарын қорғаудың тиімді жүйелері жөніндегі Жүйелер мен ұсынымдарға» сәйкес борышкердің басшылығы білікті басқарушыға, яғни кредиторлар мүддесіндегі мүлікті басқаруда кең өкілеттілігі бар кризис-менеджерге ауысуы қажет.

Ал, кәсіпорынды сауықтыру кезінде Жүйелер екі әдісті қолдануды ұсынады: борышкер басшылығын толық шеттетіп, арнайы тағайындалған кризис-менеджерге басқаруды беру немесе сауықтыру жүргізілетін кәсіпорын басшылығының қызметіне осы кризис-менеджердің бақылау жасауы.

Уақытша әкімші ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 67- бабы 2) тармақшасына және 70-бабына сәйкес, сотпен тағайындалады және борышкерге қатысты оңалту рәсімі қолданылған жағдайда көзделген шараларды жүзеге асырады.

Уақытша басқарушыны тағайындау борышкерді өзінің басқару органы жүйесінен міндетті түрде шеттетуді білдірмейді. Олар уақытша әкімшінің бақылауымен әрекет етеді.

Уақытша басқарушы ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 86-бабының 4) тармақшасы және 88-бабына сәйкес, борышкердің мүліктерін (активтерін) сақтауды қамтамасыз ету және банкроттық туралы іс бойынша сотпен шешім қабылданғанға дейін борышкердің қаржылық жағдайына талдау жүргізу мақсатында сотпен тағайындалады.

Әкімшілердің қызметіне кім және қалай ақы төлейді – деген сұрақ туындайды. Әкімшілер (уақытша, банкроттықты және оңалтуды басқарушылар, уақытша әкімші) өз қызметіне сыйақыны ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 13-бабына және ҚР Қаржы министрлігінің 21.04.2017 жылғы №265 Бұйрығында көзделген тәртіппен алады. Әкімшілерге ақша қаражаты борышкердің мүлкі есебінен төленеді және банкроттық рәсімінің шығындарына жатқызылады. Бұл сыйақы төмендегідей қалыптасады:

  • уақытша басқарушы мен әкімшіге отыз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын (75750 теңге = 30 * 2525 теңге АЕК), банкроттықты және оңалтуды басқарушыға елу айлық есептік көрсеткіштен аспайтын (126250 теңге = 50 * 2525 теңге АЕК) ағымдағы (ай сайынғы) төлемдер;
  • қосымша төлем, оның мөлшерін кредиторлар жиналысы айқындайды және кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға бағытталған қаражаттың үш пайызынан аспауға тиіс.

Кім әкімші бола алады?

ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңында әкімші болуды қалайтын тұлғаларға алты талап көзделген (12-бап):

Біріншіден, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын жеке тұлға ғана әкімші бола алады;

Екіншіден, жоғары заңгерлік немесе экономикалық білімінің болуы;

Үшіншіден, экономикалық, қаржылық немесе заң қызметі салаларында үш жылдан кем емес жұмыс тәжірибесінің болуы;

Төртіншіден, наркологиялық немесе психиатриялық диспансерде есепте тұратыны туралы мәліметтердің болмауы;

Бесіншіден, жойылмаған немесе алынбаған соттылығының болмауы;

Алтыншыдан, әкімші әрекетке қабілетті және құқықтық қабілетті тұлға болуы тиіс.

Уақытша әкімші, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылар қызметін жүзеге асыруға үміткер тұлға біліктілік емтиханды тапсыру туралы жазбаша өтінішті еркін нысанда, біліктілік емтиханын тапсыру тілін (қазақ немесе орыс) міндетті түрде көрсете отырып, тұрғылықты мекен-жайы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтары және/немесе Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Жеңіс даңғылы 11 үй, кеңсе тел: 8/7172/ 71-84-63, 70-98-83) арқылы, келесі құжаттармен қоса жібереді:

1) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

2) жоғары заң немесе экономикалық білім туралы диплом көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы табыс етілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған көшірмесі);

3) экономикалық, қаржы немесе заң саласындағы қызметте 3 жылдан кем емес жұмыс өтілін растайтын құжаттардың көшірмелері (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы табыс етілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған көшірмесі).

Біліктілік емтиханының сұрақтары тізімімен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында www.kgd.gov.kz «Оңалту және банкроттық» бөлімінен танысуға болады.

Біліктілік емтиханынан өту бойынша сұрақтар туындаған жағдайда, Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне, мекен-жайы Қызылорда қаласы, Абай даңғылы 64 «Г» үй, 215 кабинет, байланыс тел: 8 /7242/ 30-45-90, 23-81-14 хабарласуға болады.

Сөз соңында айтайын дегенім, уақытша әкімші, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылар қызметі бәсекелестік ортада жүргізілетін бизнестің бір саласы болып табылады. Ал, өздеріңізге белгілі, бизнес – бұл жүйелі пайда табуға бағытталған және өзін-өзі жұмыспен қамтитын қызмет.

Қызылорда облысында бүгінгі күнге барлығы 7 әкімші тіркелген. Банкротық және оңалту саласында облысымызда қалыптасқан нарықтық қатынастарды игеруге осы әкімшілердің саны іс жүзінде жетіспейді. Сондықтан бұл саладағы кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол.

Қорытындылай келе, облысымыздың бастамашыл тұлғаларын осы бизнес түрімен айналысуға шақырамын.

 

Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Орынов Ғ.Қ.